Жамбылда Жолдау туралы білмейтіндер әлі де бар - Бердібек Сапарбаев

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысы әкімдігінде өткен кезекті аппарат мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының өңірде орындалу барысы сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Маңызды құжатты азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Жергілікті жерлердегі жағдайдан хабардар адамдар мемлекеттің саясатын қарапайым, жалпақ тілмен түсіндіруі тиіс. Бұл мақсатта ақпараттық-насихаттау топтары құрылған.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов үгіт-насихат топтарының атқарған жұмыстары туралы баяндады.

Ауыл тұрғындарына Жолдаудың негізгі ережелерін 11 облыстық және 75 аудандық топ мүшелері түсіндірді. Олар 27 000 тұрғынды қамтыған 700-ден астам кездесу өткізді.

Дауыл Бейсенқұлов тұрғындардың жоғары белсенділігін атап өтті. Олар іс-шараларға ықыласпен қатысып, ой-пікірін ортаға салған. Кездесулерде кейбір әлеуметтік сипаттағы мәселелер де талқыланған.

Бердібек Сапарбаев түскен ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізуді, олардың қисынды шешімін шығарып, соңына дейін жеткізуді тапсырды.

«Ақпараттық-насихат топтарының міндеті – тұрғындарға Жолдауды түсіндіру, мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат беру, сұрақтарға жауап қайтару. Дегенмен, жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысы күткен нәтижеге қол жетпегенін көрсетіп отыр. Аудандарда Жолдау туралы білмейтін тұрғындар әлі де бар. Кейбіреулері оның мәні мен мазмұнынан, тіпті ондағы басым бағыттардан бейхабар», - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев Байзақ, Меркі, Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарындағы түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі туралы бірқатар ескертулер жасады.

Осы орайда жергілікті атқарушы органдарға ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын күшейту міндеті жүктелді.

«Облыс әкімінің орынбасарлары, аудан басшылары, қоғам белсенділер, депутаттар үнемі сұхбат беріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары жергілікті жерлерде, оның ішінде тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бойынша қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы әңгімелеп отыруы тиіс»,-деп тапсырды Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар