Жамбылда жол апатына ұшыраған Өзбекстан азаматтары еліне аттанды
2022 жылғы 14 мамыр 18:27

Жамбылда жол апатына ұшыраған Өзбекстан азаматтары еліне аттанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстан төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Азизбек Латифжонов бастаған жедел топ колоннамен жолға шықты. Олар Жамбыл облысы Жуалы ауданынан 8 жедел медициналық жәрдем көлігі және 1 «Ванхолл» маркалы жолаушылар автобусымен аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, автокөліктерде зардап шеккен 13, уақытша орналастыру пунктіндегі 7 адам мен 2 қаза тапқан адамның денесі бар.

Өзбекстан ТЖМ орынбасары Жамбыл облысындағы әріптестеріне және өз отандастарын құтқаруға жұмылдырылған барлық қызметтерге алғысын білдірді.

14 мамыр сағат 7:15-те колонна Қазақстан Республикасының шекарасынан өтті.

1980 және 1965 жылдары туған Өзбекстанның екі азаматы Жуалы ауданы ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.


Естеріңізге сала кетейік, 12 мамыр күні сағат 15:46-да Жамбыл облысының Жуалы ауданында «Алматы-Ташкент» автожолының 571 шақырымында жол-көлік оқиғасы болған еді. Екі адам оқиға орнында қайтыс болып, он алты адам түрлі жарақаттармен Жуалы ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Салонда барлығы 51 адам болған, оның 46-сы - Өзбекстан Республикасының азаматы.

Жамбыл облысы ТЖД «жедел желі» телефоны жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен Мәдениет үйінің базасында эвакопункт және ыстық тамақ ұйымдастырылып, оған 32 адам орналастырылған болатын.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT