Жамбылда жедел жәрдем қызметі жандануда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жедел медициналық жәрдем станциясының қызметі жандануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Венера Балқыбекова баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс аумағында 1 станса, 3 қосалқы станса және 11 жедел медициналық жәрдем бөлімшесі қызмет көрсетеді. Өңірде 273 елді мекен жедел жәрдем көмегімен қамтылған болса, 99 елді мекен қамтылмаған.

Тараз қаласының жедел медициналық жәрдем станса диспетчерлік қызметі «Көмек» автоматты басқару жүйесімен жабдықталып, санитарлық автокөліктердің GPS-навигациясымен біріктірілген. Бұл науқасқа жету уақытын барынша қысқартып, қозғалыс бағытын автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді. «Көмек» автоматты басқару жүйесі Тараз қаласының емханаларымен орталықтандырылған.

«Бүгінде облыс аумағындағы «103» нөміріне бағыталған барлық шақыртулар аталған стансаның Тараз қаласындағы бас ғимаратында орналасқан Call-орталығына түсуде. Сондықтан станса мамандарының біліктілігін арттыруға мән берудеміз. Биыл «KAZMEDCONSULT» оқу-клиникалық орталығының бастамасымен Жол картасы аясында 124 диспетчер «Қоңырауды ұстап қалу жүйесін енгізу» бойынша біліктіліктерін көтерсе, Call-орталығының екі диспетчері Нұр-Сұлтан қаласына тренер-диспетчер оқуына жіберілген», - деді Венера Балқыбекова.

Жедел жәрдем қызметіне жүгінуге келсек, биыл тоғыз айда 429 655 адам қоңырау шалыпты. Яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3444-ке азайған. Ал қызмет көрсетілген шақыртулар саны 31038-ге артыпты. Есепті кезеңде жеделділіктің 3-ші және 4-ші санаттарында кешігу байқалған. Бұл жеделділіктің 3-ші санатына жататын шақыртулардың көбеюіне байланысты екенін айтқан бас дәрігер алдағы уақытта осы санаттағы созылмалы аурулармен ауратын науқастар емханаларда дер кезінде ем қабылдап отырса, шақыртулар азайып, шұғыл науқастар мен жол апатында зардап шеккендерге жедел жәрдем көлігі уақытылы жетеді деген ойын білдірді.

Соңғы жаңалықтар