Жамбылда міндетін дұрыс орындамағандар ата-ана құқығынан айырылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер кәмелетке толмағандарға қатысты бірқатар рейд өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәмелетке толмағандардың кешкі демалыс уақыты жамбылдық полицейлердің тұрақты бақылауында.

Мерекеге байланысты кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға айрықша назар аударылып отыр.

«Мәселен, алдын алу іс-шараларының бір аптасында ювеналды полиция инспекторлары мен басқа да қызметтерден тұратын үш жүзге жуық қызметкер жұмылдырылды. Шараға білім, денсаулық сақтау, прокуратура саласының қызметкерлері, ата-ана комитеттері, еріктілер, сондай-ақ басқа да мүдделі органдар қатысты. Облыс бойынша 80-нен астам рейд жүргізілді, оның барысында 150-ден астам кәмелетке толмаған бала полицияға жеткізілді, 200-ден астам ата-ана мен өзге де ересек адамдар жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Жамбыл облысының ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов.

Жалпы, бір апта ішінде 10 кәмелетке толмаған жасөспірім және екі тұрмысы нашар отбасы есепке алынды. КБО-ға қадағалаусыз және панасыз қалған үш кәмелетке толмаған бала орналастырылды.

Ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін екі заңды өкіл ата-ана құқығынан айырылды.

«Сонымен қатар, кәмелетке толмаған бес адамның түнгі уақытта ойын-сауық мекемесіне баруына жол бергені үшін бес ата-ана мен төрт кафе-бар иесі жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ алкоголь өнімін сату ережелері туралы ҚР заңнамасын бұзудың төрт дерегі анықталды. Түнгі уақытта 118 кәмелетке толмаған жеткіншектің тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 106 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды»,-дейді Қ.Қалжанов.

Сондай-ақ, қосымша 85 құқық бұзу дерегі анықталды.


Соңғы жаңалықтар