Жамбылда қылмыстылық деңгейі 28 пайызға төмендеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында ағымдағы жылдың он айында қылмыстылық көрсеткіші 28 пайызға төмендеді. Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы өңірде қылмыс саны 28 пайызға азайған десек, бұл орайда ұрлық, оның ішінде қалта және ұялы телефондар, зорлау, қарақшылық шабуылдар, мал ұрлығы, тонау және бұзақылықтар саны азайғандығы байқалады.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 34 пайызға азайды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 25 пайызға, оның ішінде олардың жыныстық қол сұғушылығына байланысты қылмыстар 33 пайызға қысқарды. Бұдан бөлек, ЖКО, қайтыс болғандар мен жараланғандар саны 27 пайызға азайған»,-дейді Жанат Сүлейменов.

Департамент басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес сияқты өзінің негізгі міндеттерін орындаумен қатар, полиция қызметкерлері карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етуге тартылғандығын атап өтті.

«Облыс бойынша 51 мобильді топ құрылды, оның құрамында полиция қызметкерлері де бар. Олармен 11 мың 250 нысанды тексеріп, 656 құқық бұзушылық анықталған. 368 дерек бойынша СЭС қызметкерлері 45,5 млн теңге сомасына айыппұл салған»,-дейді Ж.Сүлейменов.


Соңғы жаңалықтар