Жамбылда қонаққа келген 50 жастағы әйел үй иесінің ақшасын ұрлап кеткен

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында құрбысының 500 мың теңгесін ұрлап кеткен әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының полиция бөліміне 58 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, үйінен 500 000 теңгесінің ұрланғанын айтып шағымданған.

Шағым бойынша аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тұрар Рысқұлов АПБ тергеу бөлімшесінің қызметкерлері жүргізген сапалы тергеу амалдарының нәтижесінде жәбірленушінің әріптесі әрі құрбысы, 50 жастағы азаматшаның аталған ұрлықты жасағаны толық дәлелденді» делінген хабарламада.

Ол құрбысының үйіне қонаққа келгенде ақшаның қай бөлмеде сақталатынын көріп, сол сәтте ойы бұзылған. Әңгіме барысында күдікті құрбысының қонаққа баратынын естіген.

Сөйтіп жәбірленуші қонаққа кеткенде оның үйіне терезесінен кіріп, үй ішіндегі заттарды ақтарып, жәбірленушінің 500 000 теңгесін ұрлап кеткен.

Қазіргі таңда қылмыстық іс Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық сотына жолданды.



Соңғы жаңалықтар