Жамбылда кәсіпкерлер ауруханаларға оттегі концентраторы мен дәрі-дәрмек алып берді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында кәсіпкерлер, облыстық мәслихат депутаттары коронавирус инфекциясына шалдығып, ауырған адамдарды емдеуге барынша көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлер тарапынан 338 млн теңге қаржы жиналып, арнайы өкпеге ауа беру, концентратор аппараттарын, қажетті дәрі-дәрмектер сатып алып, облыстың ауруханаларына таратуда.

Олардың ішінде, «Казфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері М.Ескендіров 38 млн теңгеге облыстық инфекциялық ауруханаға 10 аппарат сатып алып берді. Ал, «Talas Investment Company» ЖШС бас директоры Б.Алдашов «Біз біргеміз» қорына 100 млн теңге аударды.

Жамбыл облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы инфекциялық ауруханадағы дәрігерлер, медбикелер мен санитарларға 100 адамға күнделікті түскі ас жеткізіп, өкпеге ауа беру аппаратының 12 данасына, «Тараз» футбол клубы 5 данасына тапсырыс берді.

«АК Алтыналмас» АҚ 25 млн теңгеге Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылының тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмектер, «Golden Compas Jambyl» ЖШС 24 млн теңгеге Меркі, Т.Рысқұлов аудандарына 2 аппарат, «Еурохим тыңайтқыш» ЖШС Жаңатас қаласы ауруханасына 22 млн теңгеге 1 аппарат, қажетті медициналық құрал-жабдықтар, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС 20 млн теңгеге дәрі-дәрмектер мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алды.

Облыстық маслихатының депутаты Ғ.Сағынтаев 9 млн теңгеге 15 концентратор аппаратын сатып алып, облыстық инфекциялық және аудандық ауруханаларға берсе, «Altais Group» ЖШС басшысы Ә.Жұмабаев 15,5 млн теңгеге 16 палатағы оттегі трубкаларын жүргізді, концентратор аппараттарын, орталық мешіт арқылы тұрмысы төмен отбасыларына дәрі-дірмектер таратты.

Сонымен қатар, «Әмір және Д» ЖШС, «Кокжиек-2030» ЖШС, «Суперфарм» ЖШС, «Жамбылдың цемент өндіруші компаниясы» ЖШС, облыстық кәсіпкерлер палатасы, т.б. кәсіпорындар мен кәсіпкерлер (барлығы 38 адам) ауруханалар мен әлеуметтік осал топтарға қолұшын созып, қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып әперді.
Соңғы жаңалықтар