Жамбылда инфекциялық стационарларда 300-ден астам сырқат емделуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысы әкімдігінде өткен басқосуда өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Жамбыл облысына көрші аймақтарда коронавирустық инфекцияның таралуына қатысты жағдай қиындап барады. Алматы қызыл аймаққа енді. Сондықтан жиында облыс әкімі шекаралас аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, жұқпалы аурулар ауруханасында 313 адам емделуде. Соның ішінде 26-сы жансақтау бөлімінде, екеуі ауыр жағдайда. Екі айлық дәрі-дәрмек қоры бар, ал жедел жәрдем қызметіне жүктеме айтарлықтай көп емес. 7,7 мың жамбылдыққа вакцина егілді, сәуірде тағы 20 мың доза вакцина жеткізіледі. Тұрғындар арасында екпе алу қажеттілігі туралы үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда.

Әзірге жағдай бақылауда, бірақ бұл жайбарақаттыққа себеп болмайды. Мобильдік топтармен 348 рет рейд жүргізіп, 391 айыппұл салынды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін үш мейрамхана жабылды, тағы алты ойын-сауық мекемесінің ісі сотта қаралуда.

«Вирустың инфекциялық және арты өлімге соқтыратын жаңа штамдары пайда болды. Негізінде біз коронавирустың үшінші толқынын өткізіп жатырмыз. Тыйым салынғанына қарамастан, той өткізу тыйылмай тұр. Жабылған мейрамханалар қайта тіркеліп, қайта ашылуда. Ауру балалар саны артып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары бірлесіп жұмыс істеуі керек, соның ішінде адамдарға вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру қажет. Екпенің көмегімен ғана біз инфекцияны жеңе аламыз», – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар