Жамбылда есірткіні жарнамалайтын 650-ден астам граффити өшірілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер жыл басынан бері ғимарат қабырғасынан 650-ден астам есірткі граффитиді өшірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында полиция еріктілермен бірлесіп «Тараз есірткіге қарсы» акциясын өткізді. Акция барысында есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын Тараздағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы граффити жазбалар жойылды. Рейд нәтижесінде қалада 130-дан астам, ал жыл басынан бері 650-ден астам жазба өшірілді.

Сонымен қатар, Жамбыл облысының полицейлері интернет желісіне мониторинг жүргізу арқылы Telegram қосымшасында жұмыс істеген 35 сайтты анықтады. Қазіргі уақытта аталған арналар бұғатталды, сайттар мен жазбаларды орналастыруға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

«Граффити жазғаны және интернетте көрсетілген мәліметтерді таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы 1-бөлігі яғни, есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалауға үш жылға дейінгі мерзімге, 2-бөлігі бойынша үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы көзделген. Есірткі белгісін жасайтындар есірткі саудалағаны үшін жауап береді және Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады, онда бес жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал жалпы білім беру мекемелерінде есірткі заттарын өткізгені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген», – деді Жамбыл облысының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.


Соңғы жаңалықтар