Жамбылда бес күнде 37 қылмыс ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының аумағында биылғы жылдың 19-23 шілдесі аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

«Бұл іс-шараның мақсаты көшелер мен қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.

Алдын алу іс-шарасына ішкі істер органының 650-ден астам қызметкері және әскери қызметшілер, қоғамның 30 өкілі тартылды және 232 бірлік автокөлік жұмылдырылды.

Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 52 қылмыс дерегі тіркелді, оның 37-нің ізі суымай ашылды.

«Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында іздеуде жүрген жеті адам ұсталды, жалпы салмағы 7 келі 659 гр марихуананы заңсыз айналымға салудың сегіз дерегі анықталды. Тегіс ұңғылы атыс қаруын алып жүрудің немесе сақтаудың 1 дерегі және суық қаруды алып жүрудің 2 дерегі (аңшылық пышақ және қолөнер кастеті) анықталды»,- делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан басқа, 2557 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелген.

Сондай-ақ, көші-қон заңнамасы желісі бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабы бойынша (ҚР Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу) ТМД азаматтарының 62 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Қабылдау-тарату орнына 40 адам, Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына 105 адам орналастырылды.


Соңғы жаңалықтар