Жамбылда балаларға арналған тегін үйірмелер ойдағыдай жұмыс істемеген

Фото: None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов балаларға арналған тегін үйірмелер мен секциялардың жұмысы жалғасатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Достық» үйінде өткен басқосуға қызмет көрсетушілер мен ата-аналар қатысты.

Айта кетейік, 2021 жылдың маусым айынан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс арқылы секция мен үйірмелерде балаларды жан басына нормативтік қаржыландыру жүйесі іске қосылған болатын.

Былтыр бұл бағытта облыстық бюджеттен 278,1 млн теңге бағытталды.

Алайда, өткен жылдың қазан-қараша айларында ваучерлердің, яғни бала санының күрт өсуіне байланысты осы мақсатқа бөлінген қаржы тапшылығы туындаған.

Осыған орай мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша ваучерлерді тіркеу уақытша тоқтатылған.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес үйірмелер мен секциялардың жұмысын бақылау, талдау мақсатында мониторинг тобы құрылып, екі апта бойы зерделеу жұмысы жүргізілді.

Бұл топқа негізінен белсенді ата-аналар, қоғам өкілдері енді.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мониторинг қорытындысы бойынша баяндама жасап, бірқатар кемшіліктер анықталғанын жеткізді.

Қазірге дейін спорттық тапсырыс бойынша 12 өнім беруші, соның ішінде мониторинг нәтижесінде 10 өнім беруші өз жұмысын тоқтатқан.

Ал шығармашылық тапсырыс бойынша 11 өнім беруші 1 сәуірден бастап уақытша өз кәсібін тоқтататынын хабарлаған.

Мониторинг кезінде жекелеген өнім берушілердің жалға алынған бөлмелері мен спорт залдары талапқа сәйкес келмейтіні, тіркелген мекенжайдан басқа жерде қызмет көрсеткені, кейбір спорт залдарда бала саны толық еместігі, балаларға белгіленген жаттықтырушыдан басқа азаматтар сабақ бергені, кей спорт залда жаттығу кестесіндегі уақытта жаттықтырушылар да, балалардың да болмағаны анықталған.

Бұдан бөлек, спорт мектептерінде де және аталған секцияларда да тіркелген балалар кездескен.

Анықталған кемшіліктер бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Жиында білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова да сөз алып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қалыптасып отырған мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша баяндады.

Облыс әкімі балаларды қолдау, дамыту – мемлекеттің басты бағыттарының бірі екендігін баса айтты.

«Жобаның маңызын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, өнім берушілер түрлі бұзушылықтарға жол бермей, талапқа сәйкес, нақты бала санымен жұмыс істеуі қажет. Балаларды тегін үйірмемен қамту кезінде барлық талаптар сақталуы тиіс. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қабілетін дамыту бағытында шаралар жалғасады. Бұл тұрғыда мемлекет, жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, ашылып жатқан көптеген спорт кешендері, бюджеттік ұйымдағы түрлі үйірмелердің мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз керек», - деді Н. Нұржігітов.

Аймақ басшысы бюджет мүмкіншілігі ескеріле отырып, жобаның жалғасатынын, есеп жүргізіліп, қалыптасқан берешек өтелетінін жеткізді.

Тиісті мәселеге байланысты министрлікке хат жолданып, бюджеттік өтінім тиісті комиссия қарауына ұсынылған.

Қазіргі таңда өнім берушілерге ваучер тіркеу уақытша тоқтатылған. Бұл мәселе алдағы уақытта тағы да жан-жақты қаралады.

Өнім берушілердің жұмысын бақылау бойынша мониторинг жалғасады.

Басқосуда «Аrtsportedu» қоғамының төрайымы Гүлжан Нұрбекқызы және басқа өнім берушілер мен ата-аналар сауал жолдап, жауап алды.


Соңғы жаңалықтар