Жамбылда 130 мыңға жуық көшет отырғызылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Облыс әкімдігінде өткен аппараттыөқ кеңесте өңірдегі аумақты абаттандыру және тазалау жөніндегі жұмыстардың жоспарлы шаралары сараланды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров мамыр айына дейін созылатын аумақты абаттандыру және тазалау жөніндегі екі айлықтың басталғандығын хабарлап, жоспарлы шаралар туралы баяндады. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарға 4,1 млрд. теңге қаражат қарастырылған десек, оған 129,5 мың көшет отырғызу, 1,4 шақырым арықтар мен арналарды тазарту шаралары атқарылмақ. Өңір басшысы бөлінген қаражатты барынша тиімді пайдалану керектігін тілге тиек етті.

Н.Алдамжаровтың айтуынша, аймақ басшысының бұған дейін жүктеген облыстық басқармаларға Тараздың демалыс орындары мен саябақтарын бекітіп беру туралы тапсырмасы орындалған. Осы орайдағы жұмыстар аудан орталықтарында да қолға алыну керек.

«Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген дұрыс. Ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарының сапалы орындалуын қадағалау керек. Бір ғана қарағай көшетімен шектелуге болмайды. Орман шаруашылығы тәлімбақтарымен тығыз байланыста жұмыс істеңіздер. Ағаш отырғызуда әр ауданның табиғи-климаттық жағдайын ескеріңіздер. Алдымызда – Наурыз мерекесі. Біз мерекені таза және жақсы жағдайда қарсы алуымыз керек», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, басқосуда экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Бағдарлама аясында өткен жылы үш аудан орталығында үш миллиард теңгеден астам қаржыға 103 жоба жүзеге асырылды. Алайда, мердігердің кінәсінен Шу ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған. Қазіргі уақытта ол бойынша сот процесі жүруде. Ал, ағымдағы жылы бағдарлама шеңберінде 5,9 млрд. теңгеге 92 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігі жалпы құны 4,8 млрд. теңге болатын тағы да 148 жобаны мақұлдаған.


Соңғы жаңалықтар