Жамбыл жырлары ұлттық деңгейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға айналған - Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл жырлары ұлттық деңгейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға айналған. Бұл туралы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жамбыл жырлары – отансүйгіштікті оятып, ұлттық деңгейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға айналған. Дала Гомерінің отты жырлары қиын сәттерде тек бізге ғана емес, өзге де көптеген халыққа серпіліс сыйлады. Оның «Ленинградтық, өренім!» өлеңі екінші дүниежүзілік соғыстың бейресми әнұраны десек, артық айтқандық емес. Фашистік басқыншылармен күресен әрбір жауынгер өлең жолдарын жүрегінде сақтады. Жыр алыбы қазақтың асқақ рухы мен ерлік даңқын әлемге әйгілеп, ХХ ғасырдағы аса ауыр сынақтардан еңсесі түскен туған халқына үміт берді. Сол үміт аталарымыз бен әкелерімізді жеңіске жетеледі, ұлтымызды егемендікке бастады», - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Дәурен Абаевтың атап өтуінше, Жамбыл жырлары жалпы адамзатқа ортақ құндылықтармен үндесіп, әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Өлеңдері 50 тілге аударылып, әлемдік әдебиеттің алтын қорына қомақты үлес қосты.

«Оның жыр-дастандары адамзат тарихындағы танымал ақыл-ой иелерінің таным-түсінігімен тамырлас. Жамбылдың рухани мұралары әлі де болса қазақы түсінік тұрғысынан терең бойлап, егемен елдің көзімен қарауды, жан-жақты баға беруді қажет етеді. Азат көзқарастың бір тармағына ақынға сыртынан таңылған өлеңдер мен сөздерді анықтап, оларды саралау жұмыстары да жатады. Бұл – отандық жамбылтану саласының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар