Жамбыл өңірінде ауаны ластайтын көліктермен күрес күшейтілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Полиция департаменті ауаға зиянды заттар шығару арқылы қоршаған ортаға залал келтіретін автокөліктерді анықтау мақсатында рейд өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда көліктер атмосфераны ластаудың және өңірдегі экологиялық жағдайдың нашарлауының негізгі себептерінің бірі болып табылады.

Өкінішке орай, талаптарға сай келмейтін көлік құралдары әлі де көп. Облыста өтіп жатқан «Таза ауа» жедел-алдын алу шарасының алғашқы үш күнінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 334-бабы бойынша 200-ден астам жүргізуші жауапкершілікке тартылғаны соның дәлелі. Аталған бапқа сәйкес екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылады. Ал құқықбұзушылық екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері бес айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Сондай-ақ мемлекеттік нөмірді алып қою көзделген.

«Бүгінде облыс орталығының жолдарында қоғамдық көліктердің саны артуда. Оның басым бөлігі экологиялық нормаларға сәйкес келмейді. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасына орай жедел-алдын алу шаралары өтуде. Анықталып жатқан бұзушылықтардың көпшілігі жолаушылар автобустарына қатысты болып отыр. Сондықтан қазіргі уақытта атмосфераға зиянды заттар шығаратын осы санаттағы көліктерді азайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жүргізушілермен қатар автобус парктерінің иелері де қатаң жауапкершілікке тартылады», - дейді облыстық Полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев.

Сондай-ақ, аталмыш департамент мамандары тұрғындарды өз көліктеріңізді экологиялық заңнама талаптарына сәйкес ретке келтіруге шақырып, бұл бағыттағы жұмыстар үнемі жүргізілетінін ескертті.

Соңғы жаңалықтар