Жамбыл облысының индустриалдық жобалары ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие - Ө. Шөкеев

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сапар барысында Ө. Шөкеев Орталық Азиядағы ірі «Бурное Солар-1» күн электр стансасының жұмысымен танысты. Ол Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылында орналасқан.

Шетелдік инвестордың қатысуымен қуаты 50 МВт-қа дейін КЭС 10 ай ішінде салынған. Ол ҚР Мемлекет басшысының қатысуымен Индустрияландыру күнін өткізу барысында 2015 жылдың 2 шілдесінде іске қосылды.

Күннен электр қуатын өндіретін стансаны «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС мен британдық UG Energy Limited компаниясы бірлескен «Бурное Солар-1» ЖШС кәсіпорынын құру жолымен іске асырды. Оның құны - 125 млн доллар.

Қазір кәсіпорын 250 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаның жылдың электр қуатын өндіру көлемі - 58,718 млн кВт/с. Ол болжанған көрсеткіштен 10 пайызға көп.
«Бурное» станциясы Қазақстанның EXPO-2017 халықаралық көрме аясындағы «жасыл экономика» жасау мақсатының табысты дәлелі бола алады. Сондықтан біз станция қуатын 100 МВт-қа арттыруды көздеп отырмыз. Бұл үшін 220 киловольтты станция дайын, қосымша 50 МВт қуатты арттыру артық шығынды қажет етпейді», - деді, «Самұрық-Қазына Инвест» басшысы Қайрат Найзабеков.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапары барысында Шу ауданындағы «Тараздың химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына барды.

Еске сала кетсек, жоба халықаралық «TARAZ INVEST- 2012» инвестициялық форумында таныстырылған. ҚР Президенті Жарлығымен Шу ауданында аумағы 505 га арнайы экономикалық аймақ құрылған. Жоба Жамбыл облысындағы инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін іске асырылуда. АЭА қатысушылары бірқатар жеңілдіктерге ие, сондай-ақ қажетті ресурстар мен инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген. Инвестициялардың жалпы сомасы - 375 млрд теңге.

АЭА аумағында 16 жоғары технологиялық химия зауыты пайда болады деп күтілуде. Олардың жалпы жылдық қуаты 25 түрлі 2 млн тонна химиялық өнім шығару болмақ. Қазіргі уақытта жеті импортты алмастыратын өндірісті іске асыруды көздеп отырған 5 қатысушы тіркелген. Сондай-ақ табиғи газды тереңірек өңдейтін зауыт құрылысы жоспарланған.

Жоба бойынша 2016 жылдың басында АЭА-ны барлық сыртқы инфрақұрылымдарының құрылысын аяқтау көзделген. Ө. Шөкеев инфрақұрылымдар нысанының құрылыс-монтаждау жұмыстары барысымен танысты. Бұлар аймаққа келетін тұстағы автожол және темір жол, газ құбыры, су құбыры және электрмен жабдықтау желісі.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы Алматы-1-Шу жол бөлігіндегі жұмыстармен танысты. Бұл жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатыр. 7 сәуірде мұнда «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС тұңғыш өнімі - рельс-шпалды торкөзінің алғашқы кезегі төселді.

«Бүгінгі күні Жамбыл облысында іске асырылып жатқан жобалардың өңір үшін әлеуметтік және экономикалық мәні мен ел экономикасының дамуындағы стратегиялық маңызы өте зор. Соның ішінде, екі жоба - «Бурное» мен «Тараз химия паркі» біздің қордың жаңа үлгісіне, республикада жаңа салаларды дамыту мақсатына сай келеді», - деп атап өтті Ө. Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар