Жамбыл облысының бас полицейі 10 жасар баланың арманын орындады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов әлеуметтік желі арқылы өтініш қалдырған 10 жасар Константиннің арманынын орындады,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі аталған департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жамбыл облысы Полиция департаментінің «Instagram»-дағы парақшасына 10 жасар баланың әжесі Виктория Михайлова жазба қалдырған болатын. Ол немересіне Полиция департаментіне экскурсия ұйымдастырғысы келетінін және Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовпен кездестіруді қалайтыны жөнінде жазған. Бұдан бөлек, әжесі немересі Константиннің үлгілі оқушы, «Ақбота», «Пони», «Русский медвежонок», «Кенгуру» секілді зияткерлік конкурстардың жүлдегері екенін, сондай-ақ немересінің ұдайы патрульдік полиция көліктерін ерекше қызығушылықпен бақылап отыратынын да жеткізген»,-делінген хабарламада.

Өңірдің бас полицейі жеткіншекті қабылдауға қуана келісіп, кездесу күнін белгілепті.

Белгіленген күні Константин әжесімен бірге Полиция департаментіне келген. Полиция генерал-майоры Ж. Сүлейменов балақаймен өзінің жұмыс кабинетінде кездесіп, емен-жарқын сұхбат құрды. Әңгіме барысында Костя өзінің оқудағы жетістіктері, шахматқа әуестігі және таңдаған болашақ мамандығы туралы айтып береді.


Сондай-ақ, балақай полицейлердің жұмысы туралы мүмкіндігінше көп білгісі келетінін жеткізген. Өз кезегінде Жанат Сүлейменов оған Полиция департаментінің музейінде болып, ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысуды ұсынды. Тәртіп сақшыларының қым-қуыт тіршілігімен танысу рәсімі Тараз қаласының Жедел басқару орталығында жалғасқан. Орталықтағы экраннан бүкіл қаланы көрген Костя өзінің таңданысын жасыра алмады.

«Кездесу соңында Жанат Қуанышұлы Константинге мықты денсаулық, оқуда табыс және өз отбасын әрдайым жеңістерімен қуантуды тоқтатпауын және сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің эмблемасы бар қолсағат облыстың бас полицейі сыйға тартқан кезде Константиннің қуанышында шек болмады»,-дейді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Кездесу соңында баланың әжесі Виктория Михайлова полиция генерал-майорына осындай жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, бұл жылы жүздесу немересінің жадында ұзақ жылдар бойы қалатынына сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар