Жамбыл облысының әкімі әлеуметтік желіге тіркелді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Facebook әлеуметтік желісінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің жеке парақшасы пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өңірдің дамуы, оның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің нығаюы біз бен сіздің бірлескен жұмысымызға тікелей қатысты. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға арналған шаралардың тиімділігін арттыру, жақсы нәтижелер көрсету - ортақ міндетіміз. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар мен халық арасындағы байланысты нығайту үшін «Facebook» әлеуметтік желісінде менің жеке парақшам ашылып отыр», - деп жазды Асқар Мырзахметов алғашқы жазбасында.

Жамбыл облысының әкімі әлеуметтік желіде халықпен байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді.

«Киелі Әулиеата жеріне жұмысқа келген күннен бастап тұрғындармен және облыс интеллигенциясымен тығыз іскерлік байланыс жасап келемін. Бірлесіп көптеген жұмыстар атқардық. Алда бізді жаңа жобалар күтіп тұр. Пікір алмасу алаңын тиімді пайдалана отырып, өз пікірлеріңізбен бөлісіп, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарыңызды білдіресіздер деп үміттенемін», - деп жазды Жамбыл облысының әкімі.

Соңғы жаңалықтар