Жамбыл облысының 80 жылдығына орай тарихи-танымдық экспедиция жұмысын бастады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және облыстың құрылғанына 80 жыл, Алаш арысы Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай «Туған өлкем-тұнған шежіре» атты тарихи-танымдық экспедиция бір жылдық жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастар арасында өңір туризмін, оның ішінде экотуризмді дамыту мақсатында қолға алынған шара аясында Т. Рысқұлов ауданында экспедиция ұйымдастырылды. Оған аталған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен өлкетанушы, тарихшы Бекққұлы Әліұлы арнайы қатысты. Олар экспедиция мүшелерімен бірге Қарақыстақ шатқалының тарихи орындарында болып, жастарға өлке тарихын таныстырып, үш шақырымдық тау сілемдерін жаяу аралап, табиғат аясында отандық туризмді дамыту туралы ойларын ортаға салды.

«Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен облыстың сексен жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынып отыр. Мұның тағылымды тұсы көп. Бір жағынан экотуризмді дамытсақ, екінші жағынан жастарды туған жердің табиғатымен тереңірек таныстыруға мүмкіндік береді. Экспедиция бағыты келесіде аймағымыздың өзге де тарихи, маңызды орындарына арналатын болады»,-деді аудан басшысы Е.Садырқұлов.

Өлкетанушы, тарихшы, зерттеуші, ауданның Құрметті азаматы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлы жастарға Ұлы Жібек жолы бойында орта ғасырда өмір сүрген Қарақыстақ қалашығы туралы мол мағлұмат берді.

Тау сілемінің әр тасында тарих жатыр, биік жартастағы петроглиф жазулар, «алғашқы адамның табаны тиген жер» атанған төбе, түрлі тарихи атаулары бар жоталар мен төбелердің әлі де толық зерттелмегенін ескерсек, бұл - алдағы уақытта көңіл бөлетін ерекше дүниелер. Қарақыстақ Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен ортағасырлық қалашық. Оның тарихы тым тереңде. Бұл маңайда алғашқы адамның табаны тиген төбе бар. Мұндағы жартастарда тасқа қашалған жазулар кездеседі»,-деген Б.Әліұлы өңірдің тарихы әлі толық зерделенбеген, құпиясы бойында тұнып жатқан киелі өлке екендігін тілге тиек етті.

Тарихи-танымдық экспедиция аясында «Туған өлкем – тұнған шежіре» атты Қарақыстақ шатқалының керемет табиғатын бейнелеуден конкурс ұйымдастырылды. Қатысушылар үш топқа бөлініп, 5 номинация бойынша сайысқа түсті. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, шараның маңыздылығын тілдеріне тиек етті.

Соңғы жаңалықтар