Жамбыл облысының 80 жылдығы: Жаңатаста 70 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Жаңатас қаласына 70 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа қоңыс тойын тойлағандар негізінен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған тұрғын үй құрылысын, жаңғырту жұмыстарын «Корпорация Ақорда» ЖШС-і жүргізген. Қоныс тойдың салтанатты жиынында құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы Қанатбек Мәдібек «Қолжетімді баспана», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында шағын қалада көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуі жолға қойылғандығын тілге тиек етті.

«Тұрғын үй мәселесін шешу жолында тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Жыл сайын бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіріп, ел игілігіне беру жұмыстары жалғасатын болады. Жыл соңына дейін 1-шағын аудандағы 120 пәтерлі тағы бір көпқабатты үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жаңа құрылыстар қала келбетін жақсартып, ажарына ажар қосумен қатар, көптеген отбасының баспаналы болуына үлкен мүмкіндіктер туғызуда. Міне, соның дәлелі ретінде ұзақ жылдар кезекте тұрған азаматтар бүгін жаңа қонысқа ие болып отыр»,-деді аудан әкімі Қанатбек Мәдібек.

Бүгінгі таңда Жаңатас қаласында коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1958 азамат тізімде тұр. Жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейіп келеді десек, осыған сәйкес, тұрғын үй кезегіндегі тұрғандар саны да арта түсуде.

Айта кетейік, қазіргі облыс әкімінің бастамасымен өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларының кезегі келгенше баспанамен қамту мақсатында 612 пәтерлі 11 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Оның сегізі Тараз қаласында, үшеуі аудандарға тиесілі. Жыл соңына дейін 478 пәтерлі 9 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 3 жатақхана 2020 жылы тапсырыламақ. Қазіргі таңда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 217,7 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 109,8 пайызды құраған. Есепті кезеңде облыс бойынша 18 568 адам тұрғын үй кезегінде тұр десек, оның ішінде 1784-і көпбалалы отбасы.

Соңғы жаңалықтар