Жамбыл облысында зауыттан натрий триполефосфатының 484 қабы ұрланған
Жамбыл ауданының полиция бөліміне ЖШС директоры хабарласып, биылғы жылдың 10-18 қарашасы аралығында белгісіз тұлғалар зауыт аумағындағы екі жүк вагонын ашып, жалпы құны 4 735 000 теңге көлеміндегі натрий триполефосфатының 484 қабын, яғни 12,3 тонна өнімді ұрлап кеткендігі туралы шағымданған.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 2 күдіктіні анықтап, ұстады. Олар Тараз қаласының 28 жастағы және Жамбыл ауданының 30 жастағы тұрғындары болып шықты. Ұсталғандар өз кінәларын толық мойындады. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген ведомство хабарламасында.
Бұл қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.