Жамбыл облысында заманауи мәдениет үйі ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жалғызтөбе ауылында 90 орындық заманауи Мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл тұрғындарына тамаша тарту болған мәдениет үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, барша ауыл тұрғындарын айтулы қуанышымен құттықтады.

«Биыл «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы аясында, ауданға 13 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп, аудандағы үш елді мекенге Мәдениет үйі, екі елді мекенге спорт кешені салынып, сегіз елді мекенге ауыз су тартылып отыр. Барлық салада көптеген жұмыс атқарылды. Тек қана жол саласын алар болсақ, биыл 160 шақырым жолға асфальт төселді. Бір ғана Жалғызтөбе ауылдық округіне 187 миллион теңге көлемінде қаржы бағытталып, оған ауылға кіреберістегі 10 гектар жерге 54 ауыл азаматына берілген жер теліміне ауыз су мен табиғи газ құбыры жүргізілді»,-деді Н.Нұржігітов.

Сондай-ақ, аудан әкімі ел игілігіне берілген жаңа нысанның алдағы уақытта ауыл халқының рухани сұранысын қанағаттандырып, жастардың дамуы мен тынығуына септігін тигізер мәдениет ошақ болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ел ағасы Арыстан Молдашев, мердігер «ҚазМұнайГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айдар Рахымбердиев құттықтауын арнады.

Лента қию рәсімі орындалып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Келген қонақтар ғимарат ішін аралады.

Заманауи талаптарға сай бой көтерген ғимаратта 90 орындық көрермен залы, кітапхана, үйірме залы, тағы басқа ауыл тұрғындарының мәдени демалысына қажетті мүмкіндіктер қарастырылған.

Жалпы сметалық құны 104 миллион 734 мың теңге болатын нысанды «ҚазМұнайГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған.

Ғимараттың жалпы ауданы - 398 шаршы метр. Қазандық газ жүйесіне қосылған.

Соңғы жаңалықтар