Жамбыл облысында үш бірдей әмбебап спорт алаңы ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында халықаралық балаларды қорғау күніне орай үш әмбебап спорт және ойын алаңының ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа нысандар Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында, Қордай ауданының Масаншы ауылында және Тараз қаласының Қаратау-2 шағын ауданында пайдалануға берілді.

Спорт алаңдарының жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырған.

Жаңа спорт және ойын кешендері бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтсақ, жасанды көгалы бар 30 көрерменге арналған футбол, «workout» және балаларға арналған құм-төбешік, әткеншегі бар ойын алаңдарымен қамтылған. Алаңның периметрі бойынша қоқыс салатын орындықтар мен урналар орнатылған. Мұндай бір кешеннің аумағы 1300 шаршы метрді құрайды.

Тараздағы алаңның салтанатты ашылуына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

«Мемлекет басшысы елімізде барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуды тапсырды. Ол үшін спорттық инфрақұрылым халыққа қолжетімді болуы тиіс. Бүгінде біздің облыста спортпен белсенді айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Ағымдағы жылы спорт нысандарының инфрақұрылымын жаңарту бойынша 120 жоба жүзеге асырылуда. Балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы біз оларды жағымсыз әдеттерден сақтай аламыз. Дені сау балалар – біздің болашағымыз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Күтіп ұстау мен қызметін қамтамасыз ету үшін нысандар жергілікті атқарушы органдардың балансына берілмек.

«Бұл алаңдар балаларға да, ересектерге де қол жетімді, оларға кіру тегін. Нысандар салауатты өмір салтын қолдау және балалар спортын дамыту, қалалар мен аудандардың тұрғындарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында салынды», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Иргебаев.

Естеріңізге сала кетейік, әмбебап алаңдарды орнату жобасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асыруда.


Соңғы жаңалықтар