Жамбыл облысында үш айда 21 млрд теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Соңғы үш айда Жамбыл облысының 400 мыңға жуық тұрғынына 21 миллиард теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Бул туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, өңірде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрімен 1,5 млрд теңге сомасына 9,5 мың отбасы қамтылды. 300 мыңға жуық адам 42 500 теңге көлеміндегі төлемге қол жеткізді. «BizBirgemiz» акциясы аясында және демеушілер тарапынан жалпы 1,1 млрд теңгеге 72 мың адамға көмек берілді.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жәрдемақыны тағайындау ережесіне өзгерістер енгізіп, өтінімдер жылдың аяғына дейін қаралатын болады. Оған енді қосымша өзіміздің прокуратура, кірістер департаменті тәркілеген мүліктерді, азық-түліктерді тарату арқылы 600 мыңнан астам жамбылдыққа 500 миллиондай теңгенің көмегі қосымша көрсетілді. Жалпы, өткен үш айдың ішінде 400 мыңға жуық жамбылдыққа 21 миллиард теңгенің көмегі көрсетілді. Оған қосымша Мемлекет басшысының тапсырмасмен коммуналдық төлемдерді тұрғындарға жеңілдету үшін қосымша жәрдемақы төленетін болады. Қазір біз өңір бойынша 119 мың адамды анықтадық. Оған 3,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Ережеге сәйкес келесі айдан бастап осы төлемдерді төлейміз», – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев брифингте жалпы, індетке қарсы атқарылып жатқан шаралардың бәрі бақылауда екеніне сендірді.

«Басты міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз үшін басты байлық – ол адамның өмірі. Сол себепті карантиннің енгізілуі, оның жалғасуы осы құндылықты сақтау мақсатымен байланысты»,- деген аймақ басшысы жамбылдықтардан қабылданып жатқан барлық шараға түсіністікпен қарауды сұрады.


Соңғы жаңалықтар