Жамбыл облысында сел қаупін төндіретін 18 өзен бар

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында сел қаупін төндіретін 18 өзен бар. Даурығуға негіз жоқ, бірақ олар 5466 тұрғын мен 1664 нысан үшін қауіпті саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде алаңында ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев айтты.

Сондай-ақ, спикерлер қатарында ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Шариев пен Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жатқанбаев та болып, өз салалары бойынша өзекті тақырыпқа тоқталды.

Айта кетейік, аталған өзендерге тоқталатын болсақ, Жуалы ауданындағы Ақсай, Көксай өзендері аумағында 6 қауіпті телім болса, Т.Рысқұлов ауданындағы Мақпал, Шөнгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен өзендерінің жағалауындағы 39 қауіпті телім бар.

Ал, Меркі ауданындағы Аспара, Меркі, Молалы, Талды бұлақ, Түзу сұрат өзендерінде 63, Қордай ауданындағы Қарақоңыз, Қақпатас және Қалғұты өзендерінде 28, Талас ауданындағы Тамды өзенінде 4 қауіпті телім орналасқан.

«Филиалымыздың 6 тұрақты бекеті гидрометеорологиялық жағдайға бақылау жасап отыр. Сел қаупі әсер ететін аумақ халқын және аумағын сел ағындарынан қорғау мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жедел штаб құрамы жасақталды. Ол аймақтарда профилактикалық шаралар барысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Сақ болыңыз сел!« атты барлығы 476 дана жаднама таратылды. Аудандар мен ауылдық округтердің әкімдеріне, ұйымдар, кәсіпорындар басшыларына, әскери бөлімдер бастықтарына, аумақтарындағы сел қаупі бар шаруақожалық басшыларына 53 дана ескертпе-ұсыныс берілді. Берілген ескертпе-ұсыныстардың орындалуы жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болады. Бұдан басқа, қауіпті өзен алаптарында 14 дана «Сақ болыңыз, сел» ескерту қалқаны қойылған», - деді С.Ақбердиев.


Соңғы жаңалықтар