Жамбыл облысында полиция заң бұзған азаматтың көлігіне оқ атты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлері жүргізушісі ескертуге құлақ ілмей, қашып кетпекші болған көліктің доңғалағына оқ атуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Қаратау қалалық Полиция департаментінің патрульдік полиция батаьонының қызметкерлері «BMW» маркалы көлікті жарық шамдарының талапқа сай болмауына баланысты тоқтатқан. Құжаттарды тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқы жоқ екені анықталды. Полицейлер жүргізушінің көліктен шығуын сұраған. Алайда ер адам олардың талабына құлақ аспай, қашып кетпекші болған. Тәртіп сақшылары жоғары жылдамдықпен көлік тізгіндеп, жолда қауіпті жағдай тудырған ереже бұзушыны қуып бара жатып ауаға оқ атуға мәжбүр болған. Алайда, заң бұзушы полицияның ескертуін елемей кете берген. Тәртіп сақшылары көлікті доңғалағына оқ атып, тоқтатқан. Көліктің салонында екі жолаушы болған. Тәртіп бұзушы азамат медициналық тексеруден өтіп, оның мас болғаны анықталды.

Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 7-бөлігі 590-бабы ( Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 595-бабы 1-бөлігі (Маневр жасау қағидаларын бұзу), 601-бабы 1-бөлігі (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), 606-бабы 1-бөлігі (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын апатты жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы), 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру), 612-бабы 1-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы), 613-бабы 1-бөлігі (Ішкі істер (полиция) органдары қызметкерінің талаптарын орындамау) бойынша іс қозғалды.

Соттың үкімімен 31 жастағы заң бұзған азамат жеті жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар