Жамбыл облысында өрт сөндіруші бейтаныс әйелді ажалдан аман алып қалды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында өрт сөндіруші жігіт бейтаныс әйелді ажалдан алып қалды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Т.Рысқұлов ауданы Луговое кенті маңындағы тасжолда Меркі ауданы №9 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Бауырбек Мырзахан мен оның досы Жандос Утбекбаев ес-түссіз жатқан азаматшаны ажалдан аман алып қалды

Нақтырақ айтсақ, оқиға былай өрбіген. Өз шаруаларымен кетіп бара жатқан екі жігітті тасжолда бейтаныс кісілер көмек сұрап, тоқтатады. Көліктен түскен Бауырбек пен Жандос жолдың шетінде жеңіл автокөліктің жанында есінен танып жатқан жасы елулер шамасындағы әйел адамды көреді. Оның жанындағы кісілер шарасыздықтан абдырап жүргенін байқайды. Осы кезде Бауырбек әйелдің қарысып қалған жағын сыр бояйтын таяқшамен күштеп ашып, тілін ішке жұтып қоймауы үшін тиісті шара қолданады. Мұнан әрі әйелді бір қырынан жатқызып, жедел жәрдем қызметі келгенге дейін қадағалап, медицина қызметкерлеріне тапсырады.

Кейіннен әлгі әйел отбасымен бірге көрші ауылға жұмыспен кетіп бара жатқандығы анықталған. Азаматшаның талма ауруы диагнозы бар болып шыққан. Егер дер кезінде жедел көмек көрсетілмесе, оның қандай күйде болатынын елестетудің өзі қиын еді.

Анасын ажалдан алып қалған жігіттердің жедел әрекетіне риза болған қызы Жамбыл облысы ТЖ департаменті бастығының атына алғыс хат жолдаған. Алғыс хатта төтенше жағдайлар саласында осындай білікті азаматтардың жұмыс атқаратындығына ризашылығын білдіретіндігін айтқан.


Соңғы жаңалықтар