Жамбыл облысында моншада түтінге уланған төрт бала ауруханаға түсті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 4 бала моншаға шомылу кезінде түтінге уланып, ауруханаға түсті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы жылдың 6 желтоқсанында сағат 22.10-да көмірмен жанатын моншадағы жылыту пешінің ақауынан төрт бала түтінге уланып, ауруханаға түсті. Оған пештегі саңылаудың және түтін құбырының тазартылмағандығы себеп болған.

«Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылындағы жеке тұрғын үйдің моншасында шомылу кезінде улы газбен улану салдарынан 2013, 2015, 2016, 2019 жылдары туған балалар орташа дәрежедегі улану жағдайымен ауруханаға түсті. Жалпы мұндай улану оқиғалары көбінесе газ өнімдері толық жанбаған жағдайда пайда болған газдың адам ағзасына әсері салдарынан орын алады»,-делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Аталған департамент мамандары ересектерге қауіпсіздік ережелерін барынша сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар