Жамбыл облысында қар жинау техникасы жетіспей жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының полицейлері жол ұйымдарының қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын тексеру барысында қар жинайтын техниканың жетіспейтіндігін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөзқызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Жамбыл облыстық филиалымен және басқа да мердігер ұйымдармен бірлесіп автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығын тексерді. Тексеру барысында арнайы техниканың бар-жоғы және оның жарамдылығы, сондай-ақ жол белгілерінің, көктайғаққа қарсы материалдың қоры зерделенді.

«Облыс автожолдарын қыста күтіп ұстауға қар жинайтын техниканың жасақталуы мен дайындығы шамамен 90 пайызды құрайтыны анықталды. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, бұл көлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Әсіресе, боран кезінде. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша, яғни, қар жинау техникасының жетіспеушілігі туралы ақпарат «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ға, сондай-ақ облыс әкімдігі органдарына жіберілді. Ал таяу күндері жауын-шашын мен қар жауу ықтималдығы жоғары және ауа райы жағдайы күрделене түсетіні болжанып отыр», – деді Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы Ержан Мананбаев.

Айта кету керек, автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жыл басынан бері 159 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.


Соңғы жаңалықтар