Жамбыл облысында дәмханада қорқор шеккендерге айыппұл салынды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер кальян шегуге тыйым салу ережелерін бұзған мекемелерді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Тараз қаласының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері Тараз қаласының көңіл көтеру орындарында құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған рейдтер өткізді.

Тексеру барысында 10 дәмхана мен барда кальян тұтынуға салынған тыйымды бұзудың 8 фактісі анықталған. Осыған қатысты 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 15 АЕК, яғни 41 670 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

«Тексерумен қамтылған барлық ойын-сауық мекемелерінде қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараттық парақшалар таратылды. Сондай-ақ, аталған мекемелердің әкімшілігіне ҚР ӘҚБтК-нің 422-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы , сондай-ақ ҚР ҚК-нің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілді», - дейді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.

Айта кету керек, мейрамханаларда, дәмханаларда және басқа да қоғамдық мекемелерде кальянды пайдалануға тыйым салынған. Қорқорды тек үй жағдайында шегуге рұқсат.


Соңғы жаңалықтар