Жамбыл облысында бұзақылар полицейдің қызметтік көлігін айдап кетті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Шу қаласында мас бұзақылар полиция қызметкерінің көлігін мініп кетіп, жол-көлік апатын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкері кешкі саптық жиыннан кейін қызметтік автокөлігімен үйіне қайтып келе жатқан кезде жол үстінде тұрған мас бұзақыларды байқаған. «Полиция қызметкері көлік жолының үстінде тұрған, масаң күйде болған және бір-біріне қатысты агрессивті әрекет еткен үш белгісіз адамды байқаған. Жанжалды реттеуге және заңсыз әрекеттерді, соның ішінде жол-көлік оқиғасының алдын алуға тырысқан полицей белгісіз адамдардан бұзақылық әрекеттерін тоқтатуларын және жолдың жүріс бөлігінен ары тұруын талап еткен. Алайда, айтылған ескертуге құлақ аспаған құқық бұзушылардың екеуі өз наразылықтарын білдіріп, қарсы жауап ретінде полиция қызметкерін балағаттаған. Артынша, оған қатысты күш қолдануға тырысқан», - делінген ведомство хабарламасында.

Тәртіп сақшысы бұзақыларға қарсы күш қолдануға мәжбүр болып, олардың бірін ұстаған. Сол кезде екіншісі полицейдің қызметтік көлігіне мініп, қашып кетуге тырысқан. Алайда, 10 метр өтпей, автокөлікті сол маңдағы аялдамаға соққан.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 380-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


Соңғы жаңалықтар