Жамбыл облысында биыл 40-тан астам ауыл көгілдір отынмен қамтылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында биылғы жылдың соңына дейін 42 ауылды газдандыру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі елді мекендерді газдандыру мәселесі бойынша кеңес өткізді. Бұл мәселе әсіресе Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында айрықша маңызға ие.

Бүгінгі таңда облыстағы 371 елді мекеннің тек 192-і (51,8 пайызы) газдандырылып, барлығы 900 мыңға жуық адам ғана газбен қамтамасыз етілген. 2020-2027 жылдары қалған 179 елді мекенді газбен қамту көзделіп отыр.

«Мен облыстың аудандарына жасаған жұмыс сапарларымның барысында «Бізге газ қашан келеді?» деген сұрақты жиі естимін. Бұл әсіресе Мойынқұм және Сарысу аудандарына қатысты. Т.Рысқұлов ауданында бес ауылды газдандыру бойынша жоспарланған жұмыстар әлі де қолға алынбай келеді», - деп атап өтті облыс әкімі.


Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін 42 елді мекенге газ беру жоспарланған. Осылайша, облыстың тағы 94 мың тұрғыны газбен қамтылмақ.

«Алдағы жеті жылға арналған жоспар бойынша сегіз аудандағы құрылыс жұмыстарының жалпы құны 45 млрд теңгені құрайды. 2019 жылы 6,4 млрд теңге, 2020 жылы 16,2 млрд теңге бөлінген. Келер жылы 4,6 миллиард теңге қарастырылады.

Құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін тағы 18 миллиард теңге қажет», - деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі халық саны 50-ден аз елді мекендерді газбен қамтамасыз ету тиімсіз екендігіне назар аударды. Қ.Қорғанбаевтың айтуынша, облыста халқы 50 адамға жетпейтін 43 елді мекен бар.

«Біз елді мекеннің болашағы бар ма, жоқ па, соған назар аударуымыз керек. Осыған байланысты облысты газдандырудың 2020-2027 жылдарға арналған жоспарын қайта қарап, ондай халқы аз ауылдарды алып тастау қажет. Өз кезегінде аудан әкімдері бұл жағдайды халыққа түсіндіріп, үнемі ақпараттық жұмыстар жүргізіп отыруы керек», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Бүгінгі таңда Сарысу ауданында жергілікті тұрғындардың 16 пайызы тұратын төрт елді мекенге ғана газ тартылған. Қазір ауданда екі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, ауданның 14 елді мекенінде енді ғана газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін 40 мыңға жуық адам көгілдір отынға қол жеткізеді.

Облыс әкімі Сарысу ауданының басшылығына өңірдің ірі кәсіпорындары мен табысты түлектердің арасынан демеушілер тарту арқылы газбен қамтамасыз етуге қаражат табуды тапсырды.

Т.Рысқұлов ауданында биыл бес ауылға газ құбырын тарту жоспарланған болатын. Жобалардың жалпы құны 1,1 миллиард теңгені құрайды. Өкінішке орай, құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Аймақ басшысы бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды. Ал, Мойынқұм ауданында әлі күнге дейін бірде-бір ауылда газ жоқ.

«Бұл ең үлкен ауданды толықтай газдандыру тым қымбатқа түсері сөзсіз. Мойынқұм ауданында жыл сайын тұрғындардың көшуі байқалатын, тұрғындар аз қоныстанған ауылдар көп. Сондықтан, егер ол жаққа газ апаратын болсақ, әзірге тек магистралды газ құбырлары бар Шу ауданымен шекарада орналасқан ауылдарға ғана, сондай-ақ аудан орталығына тарту керек»,- деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар