Жамбыл облысында биыл 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы аумағында биыл құны 94,2 миллиард теңге болатын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінед өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте инвестиция тарту және шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты нығайту мәселелері сараланды. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров баяндама жасады. Ол ірі инвестициялық жобаларға қатысты бірнеше мысалды тілге тиек етті.

«Биыл жалпы құны 94,2 миллиард теңге болатын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 56,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға артық. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС жобасы аясында инвестиция көлемін ұлғайту туралы үкіметаралық келісім дайындалып жатыр. Сондай-ақ, екі ірі компания «Monterra Qazaqstan» ЖШС мен «Qazaq soda» ЖШС-ның жобаларын атап өткім келеді. Бірақ оларды сәтті жүзеге асыру үшін инфрақұрылыммен қамту мәселелерін шешу қажет», - деді Н. Календеров.

Бердібек Сапарбаев «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының тиімділігін пайдалануды ұсынды.

Агроөнеркәсіп саласында инвестиция тарту үшін үлкен әлеует бар. «K-agro» ЖШС картоп фри шығарып, 9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Зауыт «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналаспақ.

Облыс әкімі осы орайда «Тараз» химиялық паркі» АЭА басшылығының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Осыған орай АЭА қызметінің тиімділігін бағалау үшін орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс комиссиясын құру ұсынылды. Сондай-ақ, Нұржан Календеров инвесторлармен жұмыс жасаудың тұтас жүйесі құрылып жатқандығын атап өтті.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерімен байланыс орнатыңыздар. Олар сіздердің жобаларыңызды шетелдік инвесторларға ұсынуға көмектеседі. Осылайша, инвестициялық жобалардың санын арттыруға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде түрлі өнім өндірісін ұлғайтуға, тауарлар экспортын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұтастай алғанда халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев инвесторларды қызықтыратын өндіріс, жер қойнауын пайдалану, түсті металлургия салаларға да назар аударудың маңыздылығын атап өтті.



Соңғы жаңалықтар