Жамбыл облысында ата-аналар шағымынан кейін ескірген мектеп жөнделетін болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бір топ ата-аналардың шағымына құлақ асып, олар көтерген мәселенің шешілетініне сендірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Жамбыл облысында сәтті жүзеге асуда. Айталық, әлеуметтік желілерде ата-аналар Тараз қаласындағы №31 орта мектептің ғимараты аянышты жағдайда екендігін, балалар суық кабинеттерде білім алып жатқандығын жазған болатын.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ата-аналар шағымына дереу жауап қатты. Сәрсенбі, 18 қараша күні ол аталған мектепке арнайы барып, кабинеттерді, спортзал мен асхананы аралап, жай-күйімен танысты.

Айта кетейік, 1963 жылы іргесі қаланған ғимараттың 57 жыл ішінде ескіріп-тозғандығы көзге ұрып тұр.

«Мектеп ешқашан күрделі жөндеуден өткен емес. Терезелерді, едендер мен есіктерді, шатырын, кәріз, электр және жылумен жабдықтау жүйелерін ауыстыру керек», - дейді директор Марина Алехина.

Аймақ басшысы ата-аналар мен мектеп басшылығы көтерген мәселелердің шешілетініне уәде етті.

«Түрлі нұсқаларды қарастырып, тиімдісін таңдаңыздар. Мектеп күрделі жөндеуден өтуі немесе қайта салынуы керек. Барлық жағдайларды ескере отырып, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаңыздар», - деп облыс әкімі құрылыс және білім басқармаларына тапсырма берді.

Қазіргі таңда мұнда 15 кезекші сыныпта 199 оқушы білім алуда. Бердібек Сапарбаев балаларды санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар