Жамбыл облысында апатқа ұшыраған ұшақта опат болғандардың аты-жөндері анықталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Қазақмыс» компаниясы Жамбыл облысындағы АН-2 ұшағының апатынан қаза тапқан өз қызметкерлері туралы ресми мәлімдемені жария етті.

«Ұшақ бортында жеті адам болған, олардың төртеуі - «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің қызметкерлері, ал үшеуі - экипаж мүшелері. «Қазақмыс» корпорациясының үш қызметкері: техникалық даму департаментінің директоры Г.Т.Төлеубаев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас механигі Е.Б.Ибраев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы У.Х.Есмағанбетов апат орнында көз жұмды, ал «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас геологы Ә.А.Шаяхметова ауруханаға жеткізілді», делінген мәлімдемеде.

Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс жасауда.

«Қазақмыс» корпорациясы қаза тапқан жандардың отбасылары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Компанияның мәліметінше, апатқа ұшыраған әуе көлігі Балқаш-Шатыркөл кен орны бағыты бойынша ұшып келе жатқан. 12 орындық АН-2 ұшағы Қарағанды қаласындағы «Олимп-Эйр» компаниясының иелігінде болған. Апат 20 қаңтар күні сағат 15:40-та Жамбыл облысының Шу ауданында, Төле би ауылынан шығысқа қарай 45 шақырым жерде орын алды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, ұшақ қонуға таяғанда қалың тұман салдарынан жерге соғылған.

Соңғы жаңалықтар