Жамбыл облысында 200 орындық балабақша ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жамбыл ауданында ҚР Тұңғыш Президент күніне орай 200 орындық балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гродеково ауылында «Нұр-Мерей» балабақшасының ашылуы жергілікті тұрғындарға мерекелік тарту болды.

Жаңа нысанның ашылуына аудан әкімі Сәкен Арубаев арнайы келіп, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Бала тәрбиесін, балабақшаның балаға ықпалын тілге тиек етіп, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін арнады.

«Бала тәрбиесі – тал бесіктен» деп дана халқымыз айтқандай тәуелсіз елдің болашақ бүлдіршіндері бесіктен бастап өзіне лайықты тәлім мен тәрбие алуы тиіс. Жалпы, аудандағы 23 балабақшада 2985 бүлдіршін, 20 шағын орталықта 1042 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бүгін 200 орындық нысанның халық игілігіне берілуі бала тәрбиесіне үлкен қолдау берері анық. Балдырғандарды елін сүюге, қазақ тілін қадір тұтуға үйрету маңызды», – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Балабақша меңгерушісі Балхия Ибраевамен мекемеде 6 топ жұмыс жасайтынын, балалар қазақ тілінде тәрбиеленетінін жеткізді.

«Ғимарат типтік негізде бой көтерген. Жылу жүйесі автономдық. Балаларға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бөбекжайға балаларды 1 жастан қабылдай береміз. Білікті мамандарымыз да, қажетті құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті. 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтыдық. Жалпы алдағы уақытта барлығы 50 адамды жұмыспен қамтымақпыз», – дейді меңгеруші.

Айта кетейік, аудан бойынша бүгінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен.

Соңғы жаңалықтар