Жамбыл облысында 200-ге жуық нысан карантин талаптарын сақтамаған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы бойынша 194 нысанның карантин талаптарын сақтамағандығы анықталды. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен облыстық жедел штабтың кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жамбыл облысында объектілердің карантин кезіндегі белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін 62 бақылау тобы құрылды. Олардың құрамына тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полиция қызметінің және өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері енген. Бұзушылықтар анықталған кезде топ мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес объектілердің қызметін тоқтата тұруға дейінгі шараларды қолданады.

Қазірге дейін облыс бойынша барлығы 194 нысанның карантин талаптарын сақтамағандығы анықталып отыр. Оның ішінде Тараз қаласында - 42, Талас ауданында – 12, Жуалы ауданында – 12, Шу ауданында – 49, Меркі ауданында – 30, Байзақ ауданында – 14, Мойынқұм ауданында – 5, Сарысу ауданында – 11, Жамбыл ауданында – 10, Рысқұлов ауданында – 9.

Аталған жедел штаб отырысында коммерциялық және әлеуметтік нысандардың қызметін қалпына келтіру мәселелері, карантин режимін жеңілдетудің келесі кезеңі талқыланды. Жалпы, облыс бойынша карантин режимінің жеңілдету кезеңдерінде 2700-ден астам нысан жұмысын қайта бастаған.

- Бақылау топтары алдын ала базар, сауда үйлерінің және басқа объектілердің иелерімен кездесіп, бұл жайттарды жан-жақты талқылауы керек. Нысан иелері маскалық режимнің сақталуына, дезинфекциялау шаралары үшін жауапты екендіктерін түсінгендері дұрыс. Оларды аталған топтар бақылайтын болады. Барлық мәселелерді пысықтап, мұқият тексеруден кейін ғана нысандарды ашу қажет. Біз адамдардың өміріне қауіп төндіре алмаймыз, - деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін.

Соңғы жеті күн ішінде өңірде коронавирустық инфекцияның 129 жағдайы тіркелген. Әскери қызметкерлер арасынан анықталған 74 жағдайдың салдарынан жоғары өсім дерегі орын алған.

Аурудың 7 пайыздан астам өсу көрсеткіші Тараз қаласында, Талас, Жамбыл, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында байқалған. Мойынқұм, Кордай, Жуалы, Меркі, Байзақ аудандарында аурушаңдық көрсеткіші 7 пайыздан төмен, барлық инфекция ошақтары оқшауландырылған. Осыған орай аймақтарда шектеу шараларын жеңілдету ұсынылды.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аудандық штабтардың карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету үшін тағы да егжей-тегжейлі зерделеп, барлық мүмкін жағдайларды қарастырып, содан кейін ғана шешім қабылдау керек екендігін баса айтты.

1 маусымнан бастап облыс орталығында да карантиндік шараларды жеңілдету жоспарланған. Алайда, бұл орайда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері бекіткен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау міндетті шарт болып табылады.

- Тұрғындар шектеу шараларына деген наразылықтарын білдіруде. Олар базарлар, сауда үйлері, саябақтарды ашып, қоғамдық көліктерді жүргізуді сұрауда. Мониторингтік топтар осы мәселелер бойынша зерделеу жүргізіп, нысан иелері қызметті қалпына келтірген кезде жауапкершілікті өзіне алуға дайын не дайын еместігін және санитарлық талаптардың сақталуын бақылайды. Ең басты нәрсе - тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі екендігін ұмытпауымыз керек. Тек келушілер үшін тиісті қорғаныш шаралары қамтамасыз етілген жағдайда ғана бақылау топтары объектілерді пайдалануға мүмкіндік беруі тиіс, - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар