Жамбыл облысында 11 нысанды қамтитын этно-мәдени кешен салынуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласында «Шахристан» ірі этно-мәдени кешені ашылмақ. Бүгінде кешен аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінде кешендегі 8 нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, әрлеу-безендіру жұмыстары қызу атқарылуда. Барлығы 500-ге жуық құрылысшы, 30-дан аса техника жұмылдырылған. Әрлеу жұмыстары Самарқан стиліндегі кірпіштерімен жүргізілуіне байланысты Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылуда. Инфрақұрылыммен қамту шаралары толығымен аяқталған. Жалпы төрт гектар аумақты құрайтын орталықтағы құрылыс жұмыстары толығымен желтоқсан айының басында мәреге жететіні жоспарланған.

«Шахристан» этно-мәдени кешенінің құрылыс басына барған БАҚ өкілдерінің назары бірден қайнаған тіршілікке ауды. Бір тұста үлкен жүк көліктері түрлі құрылыс материалдарын тиеп ағылып жатса, екінші жағында жұмыскерлер уақытпен санаспай еңбек етуде. Міне, осылардың қолымен ертеңгі ұрпаққа қалар құнды жәдігерлеріміздің іргесі қаланып жатыр деген ойға шомдық. Ал алдымыздан қарсы алған штаб басшысы Рахманқұл Байтелиев бірден атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыра кетті.

«Мұндағы құрылыс ағымдағы жылдың маусым айының онынан басталған болатын. Негізгі құрылысты «КДСМ» мен «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұған дейін «Жеңіс» саябағындағы, «Даңқ» аллеясындағы, сондай-ақ Атшабардағы «Жастар» аллеясындағы құрылыс басында болған. Сондықтан бұл серіктестікке үлкен сенім артылып, осы алып жоба беріліп отыр. Ал «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі бірқатар тасжолдарды жаңартуда жүйелі жұмысымен көзге түсіп, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне бұл серіктестік те жұмылдырылып отыр. Одан бөлек, жоспарлы жұмысқа демеу болып жатқан 8-9 серіктес компания бар», – дейді Рахманқұл Байтелиев.

«Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде 11 нысан бой көтереді деп жоспарланған. Олардың қатарында тарихи-өлкетану музейі, «Руханият және тарихтану» орталығы, қолөнершілер шеберханасы, көркемсурет галереясы, амфитеатр, «Сағат» стелласы, Арбат-1, 2, 3 нысандары бар. Айта кетейік, мұндағы құрылысқа қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан жеткізілуде. Қалғаны Самарқанд кірпіші, глазурь атты төсеніштер Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінен импортталады. Олармен арнайы келісімшарт жасалып, ең сапалы материалдар пайдаланылуда.

Жалпы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің аумағына 45 мың тас төсеніш төселіп, алты субұрқақ орнатылуда. Сондай-ақ «MART» сауда орталығының артындағы 350 метр канал бойына кіші архитектуралық нысандар салынып, келушілерге жайлы жағажай жасалмақ.

Соңғы жаңалықтар