Жалған террористік акті мемлекетке қанша шығын әкеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы уақытқа дейін жарылғыш заттар туралы хабарламаның бірде-бірі расталған емес. Бұл туралы ҚР ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама – бұл қоғамдық тәртіпке кері әсер ететін қауіпті қылмыстардың бірі. Осы қылмыстың қоғамға қауіптілігі соншалық, мұндай хабарлама түскен жағдайда адамдардың арасында үрей мен қорқыныш пайда болады. Ал мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына едәуір кедергі келтіреді. Осындай жағдайда құқық қорғау органдары ең алдымен шынайы қауіптің болу мүмкіндігін ескере отырып, тиісті әрекет жасайды. Адамдарды қауіпті болуы мүмкін аймақтардан эвакуациялауға мәжбүр болады», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында брифинг барысында.

Сондықтан, оның атап өтуінше, келіп түскен осындай барлық ақпараттар бойынша жедел қызметтер міндетті түрде оқиға орнына барады. Адамдар сыртқа шығарылады. Ғимарат мұқият, жан-жақты тексеріледі. Жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін іс-шаралар қабылданады.

«Сонымен бірге атап өтетін жайт, осыған дейін болған барлық жағдайда жарылғыш заттар туралы ақпарат расталған емес. Ал, бұл өз кезегінде полиция, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құралдарын босқа жұмсауға әкеп соғады. Сол уақытта полицияның көмегі шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алуға қажеті болуы мүмкін», - деді Дархан Разуев.

Департамент бастығының орынбасары бұл қылмыстар қоғамға да, мемлекетке те едәуір зиян келтіретіндігін әрі сол мекеменің немесе кәсіпорынның жұмыс кестесін бұзатындығын, ал азаматтарда қорқыныш сезімі пайда болатындығын айтады.

«Біздің есептеуіміз бойынша осындай жалған шақыртуға бір рет шыққанның өзінде 200 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Ал ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғанда әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар