Жалақыны индекстеу инфляцияны жеделдетеді - Үкімет

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында бағаның өсуіне қарай айлықты индекстеу мүмкіндіктері туралы айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек заңнамасы бойынша, жұмысшының айлық жалақысы оның біліктілігіне, атқаратын міндетінің ауырлығына, еңбек жағдайына қарай сараланып тағайындалады. Жалақының ең жоғарғы шегі деген ұғым жоқ. Еңбек кодексінің 157-бабы бойынша, еңбек шартына қосымша өзара міндеттемелер қосылып, соның негізінде айлықты индекстеу мүмкіндігі бар», - делінген жауапта.

Дегенмен, оның айтуынша, жылдағы айлық өсіру шараларының шегінен тыс мөлшерде еңбекақыны міндетті негізде индекстеу қадамдары бюджет пен жұмыс берушілерге қосымша салмақ түсіреді.

«Қосымша индекстеу шаралары инфляцияны одан бетер жылдамдатуы мүмкін. Сондай-ақ жалақыны міндетті негізде индекстеу өнімдер мен қызметтердің бағасы көтереді. Бұл соңында қарапайым тұтынушылардың қалтасына тікелей әсер етеді. Ал мамандардың санатына қарай ақы төлеу сол нарықтағы жұмысшыларға деген сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасына байланысты. Айлықты индекстеу туралы шешім кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігі қарай қабылдануы керек. Мемлекеттік бадарламаларда халық жиі тұтынатын санаттарға кірген өнімдер мен қызметтердің, жұмыстардың бағасының өсуін тежеу шаралары қарастырылған», - деп жазады Әлихан Смайылов.

Finprom.kz сайтының мәліметі бойынша, Қазақстан отбасылары табыстарының 50 пайызын азық-түлікке, оның ішінде 46 пайызын тамақ сатып алуға жұмсайды. https://kaz.inform.kz/news/kazakstandyktar-tabysynyn-50-payyzyn-azyk-tulikke-zhumsaydy-zertteu_a3946383


Соңғы жаңалықтар