Жала жабу туралы заңнаманы көп адам біле бермейді - Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жала жабуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында айтқан жала жабуға жазаны күшейту туралы тапсырмасы кеңінен талқылануда. Әсіресе, азаматтардың абырой-беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарататын көптеген анонимдік дереккөздер, жалған аккаунттар мен парақшалар Елбасының алаңдаушылығын тудырып отыр. Бүгінде бұл - жалпыәлемдік үрдіс және демократиясы дамыған мемлекеттердің өзі жала жабу туралы норманы күшейтіп жатыр. Германияда жалған хабар таратқан басылымды 50 млн еуроға айыппұл салу, БАҚ қолдану арқылы жала жапқаны үшін 5 жылға бас бостандығынан шектеу сынды түзетулер қабыланды. Тіпті әлеуметтік желілердің әкімшіліктері фейк ақпаратпен күрес механизмін енгізіп жатыр», - деді Дәурен Абаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінде қасақана жала жабуға қатысты екі бап бар.

«Қылмыстық кодекстете Жала жабу туралы 130-бап және қасақана жалған ақпарат тарату туралы 274-бап бар. Өз сөзінде Елбасы БАҚ пен телекоммуникация желілері қатысқан жала жабуды айтып отыр. ҚР ҚК 130-бабында 2 мың АЕК айыппұл немесе екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр қылмыс жасады деп айыптаса, 3 мың АЕК айыппұл немесе 3 жылға жыл бас бостандығынан айыруы мүмкін. 274-бап бойынша, ең ауыр жаза - төтенше жағдай кезінде немесе соғыс жағдайында жалған ақпарат тарату үшін жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыру», - деп түсіндірді министр.

Спикер жала жабуға қатысты заңнамалардың қолдану аясы төмен екенін жасырмады.

«Заңға сәйкес, бүкіл құралдар болса да, оны қолдану аясы төмен. Сондықтан, жұмысымызды осы арнаға бұрамыз. Қазақстанда 100-ден астам адам екі баппен өз құқықтарын қорғады. (...) Тапсырма екі күн бұрын берілді. Біздің мамандар бұл мәселені мұқият зерттеп жатыр. Міндетті түрде Бас прокуратурамен, Жоғарғы сотпен, құқық қорғау органдарымен және Нұр Отан фракциясымен бірлесе жұмыс жүргізіледі. Халықаралық тәжірибеге назар аударылады. Жалпы алғанда, екі бап әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Сондықтан, бар назарды қолданбалы тәжірибеге аударып, оны жетілдіре түсеміз. Барлық ұсыныстарды жариялаймыз және жұмыс топтарымен, ведомтсвоаралық коммисиямен, құқық қорғау органдарымен бірге талқылаймыз. Жала жабумен күресте Қазақстан азаматтары шет қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, бұл мәселе әрқайсысымыздың басымыздан өтуі мүмкін», - деді Д. Абаев.



Соңғы жаңалықтар