Жақып Асанов судьялардың істі зерттеудегі кемшіліктерін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов судьялардың істі зерттеудегі кемшіліктерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамдар тергеу қалай жүріп жатқанын, прокурордың жұмысын, үкім қалай орындалғанын көрмейді. Бұл кезеңдер қоғам үшін жабық. Адамдар басты сот талқылауы қалай жүріп жатқанын көреді. Олар ашық процестерде прокурордың, адвокаттың, куәгерлердің, судьяның айтқанын тыңдайды. Осы процеске қатысы бар адамдың эмоцияларын байқайды. Блогерлер, жәбірленуші, күдіктінің жақындары осы жайында күнделікті әлеуметтік желілерде жазады. Бізде күнде істерді қарау нәтижесінде бес мың қорытынды шешім қабылданады, соның арасында мыңнан аздау шамада қылмыстық істер бойынша үкімдер мен қаулылар бар. Ашынған адамдар біздің соттарда неге өзгерістер жоқ екенін жиі сұрайды. Неліктен біздің сот процестері дамыған елдердегідей өтпейді?», - деді Ж. Асанов «Қазақстандағы сот жүйесінің реформасы: озық халықаралық практиканы пайдалана отырып, жаңа сын-қатерлердің шешімін табу» атты дөңгелек үстел отырысында.

Осы орайда ол сарапшылардың зерттеулері жайында айтып берді.

«Сарапшылардың пайымынша, тергеудің жазалаушы синдромы әлі де соттарға да еніп отырғаны себептерді бірі болып тұр. Басты сот талқылауы тәртібі бұрынғысынша қалып отыр. Нүктелі реформалар мен ұйымдастыру іс-шаралары ахуалды күрделі түрде өзгертпей жатыр. Қазіргі кезде бізде қарама-қайшы екі көзқарас бар. Бір жағынан - ол Жоғарғы соттың пікірі. Судьяға қылмыстық істің барлық материалын бірден беруге болмайды. Сотқа тек прокурордың айыптау актісі мен адвокаттың қорғау актісі енгізілуі керек. Ал қазір қалай болып жатыр? Судья барлық істі алдын ала зерттеп шығады, яғни соттың істі қарауына дейін зерделейді. Судьяға істің мән-жайы тергеу органы мен прокуратура көзқарасымен беріледі. Олардың материалдары тек бір ғана мақсатты көздейді – сотталушының кінәсін дәлелдеу. Істі қарап шыққан судья еріксіз айыптау парадигмасының «тұтқыны» болады», - деді Ж. Асанов.

Оның айтуынша басты сот талқылауы формальды болып қала береді.

«Осының салдарынан біздің адамдардың көз алдында соттарымыз жазалау тетігінің жалғасы болып қабылданады. Атап айтқанда, сотқа тек айыптау үкімі мен қорғау актісін ғана табыстау ұстанымын біз ойлап шығармадық. Бұл қадам бұрыннан Еуропалық одақ, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ елдерінде қамтылған. Осындай ұстаным судьяның бейтараптығын сақтайды, өйткені ол іспен сот тергеуі барысында ғана танысады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазақстандағы сот жүйесінің реформасы: озық халықаралық практиканы пайдалана отырып, жаңа сын-қатерлердің шешімін табу» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.



Соңғы жаңалықтар