Жақында латын әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жақын арада көптің көңілінен шығатын латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылып қалуы мүмкін деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әліпби – тек графика емес, біздің ұлттың болашағы. Ол – мәдени кодтың бір бөлшегі, коммуникация құралы. Сондықтан, бұл мәселеге келгенде асықпай, аңдап басу керек. Латын қарпіне көшуде үздік үлгі ретінде Түркия мемлекеті жиі айтылады. Алайда көпшілік жаңа әліпбиді енгізу үшін Түркия отыз жыл бойы тынымсыз жұмыс жүргізгенін ескере бермейді. Ататүрік кезінде сыртқы да, ішкі күштерден орасан зор қарсылыққа тап болған. Білуімше, ол тіпті ел аралап, бұл шешімнің қаншалықты маңызды екенін түсіндірумен болған. Бізге олай етудің қажеті жоқ. Себебі, қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың аса басым бөлігі латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшу бастамасын қос қолын көтере қолдап отыр», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, жаңа әліпбиге қатысты пікірталастар баршылық. Десе де, олар техникалық сипаттағы мәселелер ғана екенін ескеру керек.

«Пікірталастардың болғаны да дұрыс. Бұл дегеніңіз көпшіліктің тіл тағдырына бей-жай қарамайтынын білдіреді. Қазақ тілінің жаңа әліпбиі бойынша лингвистер де, тілтанушылар да, тіпті ІТ-мамандар да жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан, кей сұрақтар бойынша қайшылықтың болғанына аса таңғалудың реті жоқ. Бұл ньюанстардың барлығын Елбасы да, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та біліп отыр. Міне, осы себепті аталған бағыттағы жұмысты жалғастыруға пәрмен берілді. Менің ойымша, жақын арада барлығының – оқушылардан бастап профессорларға дейін көңілінен шығатын жаңа нұсқа таныстырылады», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға жаңа әліпбиді жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Президенті өзінің Twitter-дегі парақшсында жазды.

Соңғы жаңалықтар