Жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ – волонтер Гүлмирам Сражова

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Зейнеткер де ерікті бола алады. Ал қоғамның белсенді мүшесі, көп іс тындырып жүрген мұғалімдерге арнайы медаль берілуі керек. Бұл - «Д.А.Р» еріктілер тобының мүшесі Гүлмирам Сражованың пікірі. ҚазАқпарат тілшісімен ой бөліскен волонтер бірнеше бағыттағы жұмысты жандандыруды ұсынды.

Ақтөбеліктер мүмкіндігі шектеулі жандардың жанынан табылып, жігерін жанып, алға ұмтылуға көмек қолын созып жүрген Гүлмирам Сражованы жіті таниды. Екі аяғы мен бір қолынан айырылса да өзгемен тең тұрып, өмірден баз кешкендерді тыңдай алатын, олардың өмірлік көзқарасын өзгертуге бар білімі мен білігін салатын жанды үлгі тұтады.

Әп дегеннен-ақ еріктілердің ісін баяндай жөнелген ол бұл саланың өткені мен бүгінін саралап берді. Алда атқарар істің бағытын бағамдады.


«Волонтер жылы белгіленген кезде елордада үлкен форум өтті. Ұлттық волонтерлер желісі ұйымдастырған жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жылдың ерекшелігін атап өтіп, біздерді бірлікке, ізгілікке үгіттеді, бірге жұмыс істеуге шақырды. Еліміздің әр өңіріндегі еріктілер телекөпір арқылы қатысып, ынталанды, болашаққа жоспар құрды. Мен – ерекше жанмын. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында волонтерлер қозғалысына үлес қосып жүрген жайым бар. Өзімнің бағытым – әлеуметтік волонтер. Біз табиғи, техногенді апатты күтіп отырмаймыз. Болуы мүмкін қиындықтың алдын алуға күш жұмылдырамыз. Мәселен, 15 жасымда вокзалдағы перронда үйілген қардың тазартылмауынан осы күйге түстім, пойыз қағып кетті. Екі күн бұрын жауған қарды уақытылы тазартса, жоғары класс оқушылары жәрдем берсе, еріктілер жұмылса, оқыс оқиға тіркелмес еді. Қазір де дәл сондай жағдай болуы мүмкін. Тек сол аумаққа жауапты адамға кінә артып, отыра беруге болмайды. Бәріміз көмек көрсетуіміз керек. Қала ішінде мұз болғанда еріктілер шықты, тұз бен топырақ септі. Ол да – көмек. Денсаулықтан артық ештеңе жоқ», - деді ерікті Гүлмирам Сражова.


Өрт сөндіруге, қар құрсауында қалғандарға көмек көрсетуге асық тұратын адамдар қоғамға қажет. Бұл – қайырымды адамның ісі. Әрі адамды адамнан артық ететін де осы әрекеті.
«Күні кеше ғана «Волонтер-2020» тобы құрылды. Олар жұмылып жұмыс істеп, төрт отбасына пәтер алып берді. «Аңсар» волонтерлер тобы да жылды қорытындылап жатыр. Неғұрлым көп болса, соғұрлым таңдау жасап, адамдарды қатарға қосуға мүмкіндік бар. «Anticovid-19» тобы болса індет кезінде құрылды. Ересек, өмірлік тәжірибесі бар адамдар жұмылған. Олар ауруханаларға оттегі баллондарын тасып, кереуеттер жинап берді. Менің ойымша, жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ. Тамшыдан теңіз құралады десек болады. Карантин күшейген кезде көбі үйінде болды. Дәл сол шақта саусақпен санарлық азамат шықты. Үйде отырғандарды қорқақ, сол мезетте қолғабыс еткендерді батыл деп айта алмаймыз. Олар қажеттілігін сезінді. Әр заманның, кезеңнің өз батыры, волонтері бар. Үйде отырғандары да дұрыс. Талап та сондай болды ғой», - деді ерікті Гүлмирам Сражова.
Еңбек еш кетпеді. «Д.А.Р» клубының еріктісі Жігер Кенжеғалиев, Абзал Жакен, Элмира Жетпісбаева, Гүлмирам Сражова «Халық алғысы» медаліне ие болды. Жігер Кенжеғалиев «Дарын» жастар сыйлығын алды.


«Волонтер болған адам ең бірінші өзіне пайда әкеледі. Яғни, өзі туралы пікірі қалыптасады, қоғамға қажеттілігін сезінеді. Дос табады, тәжірибе жинайды. Еріктілердің ішкі тәрбиесі жоғары екені сөзсіз. Өзім еріктілердің ортасында жүргеніме еш өкінбеймін. Өйткені білімімді пайдаланып, адамдарға мотивация бере аламын. Карантин кезінде үйім штаб секілді болды. Пәтерге бәрін жинап, бөліп, соны жеткізуге үлес қостым. Әрі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қалалық прокуратура орталық ашып, бірнеше адам психологиялық, құқықтық кеңес бердік», - деді Г.Сражова.
Ол карантин кезінде отбасындағы дау-жанжалдың көбейгенін жасырмады. Бауырлар арасындағы тартыс, ата-ана арасындағы жанжал, ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісі – тәжірибелі мамандардың назарында болды.
«Кішкентай балалардың қылығы да таңғалдырды. Олар телефон шалып, ата-анасынан зәбір көргенін айтты. Тағы бір хабарлама кезінде жас келіннің соққыға жығылғанын білдік. Тұрмыстық жағдайы жақсы, үйлі-күйлі болса да күйеуі әйелін ұрады. Олар ажырасты. Шынын айтқанда, бізге психологтар мен заңгерлердің ақысыз көмегі керек. Қазір Ақтөбеде көмек көрсетуге дайын заңгерлер бар, тек психологиялық жәрдем берер адам тапшы», - деді ерікті.
Сонымен бірге корпоративті волонтерлер қатарын арттырған жөн деп санайды. Ақтөбеде бірнеше зауыт осы бағытты қолдаған. Алайда «сенің жұмысың болмасын» деп кері тартатындар табылады.


«Волонтерлік адамның негізгі жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс. Аптасына екі сағатын арнаса да жеткілікті. Бұл жолда біз бәрін өзіміз атқара алмаймыз. Жергілікті атқарушы органдар көмектеседі. Олар ұйымдастырады, қолдау көрсетеді. Сонымен бірге кәсіпкерлер қолдауға әзір. Қазір «Қолжетімді Қазақстан» жобасын жүзеге асырып жатырмын. Бұл ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған шаруа. Ғимарат мүгедектер, жүкті әйелдер, балалы ана, қарттарға кіріп-шығуға ыңғайлы болуы тиіс. Есебіміз бойынша 3 мың нысанның фотосын түсіріп, сайтқа салуымыз керек еді. Бірақ біз тек 500 сурет жүктедік. Айыптап, құқығын шектемейміз. Айыппұл да сала алмаймыз. Жағдайды нақты көрсетеміз», - деді Г.Сражова.
Ақтөбелік еріктілерге түрлі сала мамандары көмектесуге әзір. Бірақ олардың көбі өз аты-жөнін айшықтап, жар салмайды. Дәрігер, тілші, мұғалім, тіл мамандары қатардан табылып жүр. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мүмкіндігі шектеулі балаларға онлайн сабақ береді. Ағылшын тілі мен математика пәндерінің тапсырмаларын орындауға көмектеседі.

Бір адамның бірнеше бағытты қамтуға да мүмкіндігі бар. Гүлмира Сражова осы қатардан. Бір өзі жас еріктілерге тәлім-тәрбие береді, адамдарға көмектесу жолын ұйымдастырады, мониторингілік топ мүшелерімен тексеру жұмыстарына атсалысып, спорттық жарыстарға қатысады. Ол үшсайыстан ҚР спорт шебері. Бірнеше рет жеңіл атлетикадан ел чемпионы атынды. Паралимпиада ойындары бойыннша төрт дүркін Қазақстан чемпионы да болды. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры бұл жетістіктің «Д.А.Р» еріктілер тобынан басталғанын айтып берді.
«Волонтердің ұтқыр тұсы көп. Қуат алып, өз күшіңді де жұмсайсың. Тек бір жұмыста жүрсек, шаршатады, жалықтырады. Волонтер адамның ойы бөлініп, жеке бастың дамуына оң әсерін тигізеді. Әрі бұл жалғыздың ісі емес. Командамен көп нәрсені тындыруға болады. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әлеуметтік желіде волонтердің жұмысын жоққа шығаратындар табылады. Кішкентай істі айтып, көрсеткен абзал деп есептеймін. Ол да болса адамдарға ой салады. Сонымен бірге «Күміс волонтер», яғни зейнеткерлердің ақыл-парасатын кәдеге жаратуымыз тиіс. Осы жағын да ойлаған жөн. Сонда ұстаздардың мойнына артылған жүк салмағы жеңілдер еді. Шынына келгенде олар еріктілердің бар шаруасын тындырып жүр. Мұғалімдердің жұмысын дәріптейтін, ерікті ретінде танитын арнайы медаль шығарса да артық болмас еді», - деді сөзін қорытындалады Г.Сражова.


Соңғы жаңалықтар