Жақсылық жаса: Ақтөбелік қараусыз қалған 80 жастағы қарияны өз қамқорлығына алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде учаскелік полиция инспекторы Дастан Сұлтанғалиев үй-күйсіз қалған Людмила Шевченконы қамқорлығына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Людмила Шевченко ұзақ жылдар бойы денсаулық саласында еңбек еткен. Кейін зейнетке шығып, жиендерімен бір шаңырақта тұрды. Жиені «бизнес бастаймын, алғышқы жарна қажет» деген соң пәтерін сыйға берді. Іс алға баспай, бәрі пәтер жалдады. Кикілжің осы жерде басталған.

«Біз баспанамыз қалдық деп айтсам болады. Пәтер болмаған соң олар да мені керек етпеді. Шынымды айтсам, далада қалдым. Қайда барарымды білмедім. Көшеде келе жатқан кезде патрульдік полиция көлігі тоқтап, мені бөлімшеге жеткізді. Сол кезде Дастан Сұлтанғалиевті кездестірдім. «Әже, мұндай халге қалай түстің» деп айтты. Олар маған ыстық тамақ берді, жылытты. Бәрі жақсы болады деп айтты. Менің денсаулығым сыр берді. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түстім. Шыққан соң Дастанның үйіне келдім. Балалар мені әже дейді. Әйелі де құрақ ұшып жүр. Қарттар үйіне барғым келмейді. Зейнетақым бар, пәтер жалдап тұра аламын», - деді Людмила Шевченко.

Дастан Сұлтанғалиев мақтан ету, көпшілікке жариялау үшін емес, өз міндетін орындау үшін осы шешімді қабылдады.

«Әкімшілік аумаққа 2 рет қоңырау түсті. Учаскелік инспекторлар қарияны іздеп тауып, үйіне жеткізді. Келіні, немересімен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайы зерделенді. Көп ұзамай тағы да қоңырау түсті. Оқиға қайталана берген соң ашық әңгімеге тартып, себебі нақтыланды. Ол келіні және немерелерімен бір шаңырақта тұра алмайтынын айтты. Үнемі жанжал болған. Денесінде ешқандай жарақат белгісі жоқ. Тек қариямен емес, келіні және немересімен де хабарласып, сөйлестік. Сөз арасында қариядан бас тартып, қарттар үйіне өткізуді сұрады», - деді Дастан Сұлтанғалиев. Оның айтуынша, қария да үйіне барудан бас тартқан.

«Қолында таяғы бар, әрең қозғалған қарияға жаным ашып, әйеліме хабар бердім. Сол кезде келіншегім еш қарсыласпай, үйге әкелуді сұрады. Өткен жылдың қараша айынан бері біздің жанымызда. Отбасымызға үйренді, жұмыстан келгенімде күтіп алады. Жылайды, ешқайда жібермеуді өтінеді. Бұл ерлік емес. Менің міндетім - халықпен тығыз қарым-қатынас орнату, көмек беру. Егер мен алып кетпесем, далада қалатын еді», - деді ол.

Қарияның басынан түскен іс туралы Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі біледі.

«Кезінде үйі болған. Жиені сатып, бизнеске салған. Бизнес алға баспаған соң пәтерді тұрған. Әженің айтуынша, немересі өзге облысқа жұмысқа кеткен.

Әжемен сөйлестік, қарттар үйіне барудан бас тартып отыр. Зейнетақы жеткілікті, пәтер жалдауға мүмкіндігі бар екен. Егер немересі заңды түрде бас тартса, әлеуметтік қызметкер тағайындай аламыз. Шындығында заңсыз тұрып жатыр. Қазақтың қанына сіңген асыл қасиет бар. Сол жолмен Дастан Сұлтанғалиев көмектесіп жатыр», - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.


Соңғы жаңалықтар