Жаһандық ЖІӨ 5,2% төмендеуі мүмкін – Сарапшы пандемия салдары туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдің орнықты дамуы үшін мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әртараптандыру бойынша терең құрылымдық реформалар қажет. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Анна Альшанская айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алты айдан бері әлемнің барлық елдері бұрын-соңды болмаған COVID-19 вирусымен күресіп, әлемдік экономика пандемия салдарынан ауыр зардап шегіп отыр. Дүниежүзілік банк болжамына сәйкес 2020 жылы жаһандық ЖІӨ 5,2% төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар, қазіргі дағдарыстың ерекшелігі – оның қаншаға созыларының белгісіз екендігі болып отыр. Пандемияның ұзақтығы көптеген факторларға – вакцинаның жасалуына, «ұжымдық иммунитеттің» қалыптасуына, вирустың ықтимал өршуіне, сонымен қатар мемлекеттердің шұғыл әрекеттерінің тиімділігіне байланысты», - дейді сарапшы.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы ел экономикасын дағдарыстық басқару және коронавирустың таралуына қарсы күрес мәселелеріне арналды. Осылайша, 2020 жылдың бірінші жартыжылында Қазақстанның ЖІӨ 1,8%-ға төмендеген.

«Әсіресе, қызмет көрсету секторы пандемия әсерін айрықша сезінді – бұл кезеңде өндіріс 5,6% төмендеген. Карантиндік шаралар мен шикізат нарығындағы тұрақсыздық салдары елдің бюджеттік жүйесіне де әсер етті – бюджеттің шығыны шамамен 1,7 трлн теңгені құрады. Короновирустық пандемия еңбек нарығына да ықпал етті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жұмыспен қамту органдарында 2020 жылдың мамыр айының соңында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 161,3 мың адамды немесе жұмыс күшінің 1,7% құрады», - деді А. Альшанская.

Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға қарамастан, пандемияның жалғасуы мен жаңа санитарлық шектеулер бизнес құрылымдарын да, халықтың түрлі топтарын да қосымша қолдау шараларын қабылдауға мәжбүрлеп отыр.

«Осылайша, Президент тапсырмасымен Үкімет пен Ұлттық Банк ағымдағы жағдайдың нашарлауы мүмкін жағдайға әлеуметтік-экономикалық шаралардың жаңа пакетін әзірлейді. Сонымен бірге, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың кейбір кемшіліктері мен қателіктерін ескере отырып, Мемлекет басшысы коронавирустық пандемиямен күреске бөлінген бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін талдауды тапсырды. Президент айтқандай, жалпы COVID-19 пандемиясынан туындаған қазіргі дағдарыс елдің негізгі экономикалық проблемаларын, әлеуметтік жүйенің кемшіліктерін және Үкіметтің қателіктерін айқындады. Елдің орнықты дамуы үшін мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әртараптандыру бойынша терең құрылымдық реформалар қажет», - деді А. Альшанская.


Соңғы жаңалықтар