Зейнетақы жинақтарындағы инвестициялық табыс жыл сайын өсуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Зейнетақы жинақтарындағы инвестициялық табыстың үлесі жыл сайын өсіп келеді. Бұл туралы ҚазАқпарат БЖЗҚ сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 6,3 трлн теңгені құрады.

«2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 сәуірі аралығында инвестициялық табыс шамамен 295,8 млрд теңгеге өсті. Зейнетақы активтерінің табыстылығы қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау салдарынан өзгеріп, жыл басынан бері түрлі кезеңдерде оң да, теріс те қалыптасты», - делінге Қордың хабарламасында.

Зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланған. Инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін.

2022 жылдың қаңтары мен наурыздың басы аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы әлсіреп, доллар құны 431 теңгеден 495 теңгеге дейін, одан әрі 512 теңгеге дейін өскен болатын. Осылайша, апта сайын зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты. Салымшылар да өздерінің жеке зейнетақы шоттарында айтарлықтай оң инвестициялық табысты байқады. Содан кейін ұлттық валюта нығайып, доллар бағамы сәйкесінше, төмендеді. 1 сәуірде 1 доллардың бағамы 466 теңге болды.

Нәтижесінде қаржы нарығындағы жағымсыз оқиғалар және активтерді валюталық қайта бағалау инвестициялық кірістілікке кері әсер етті. Соңғы күнтізбелік 12 айда кірістілік 10,43% болса, сәйкес кезеңде инфляция 12,0% жетті. Зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және айдың соңғы күнінде жүргізілетіндіктен, салымшылар бұл өзгерістерді өздерінің үзінді көшірмелерінен көре алады.

Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже бермейді, өйткені, ол нарықтың үнемі құбылмалығына тәуелді.


Соңғы жаңалықтар