Зейнетақы жинағын алу: Үш сағатта арнайы сайтта 4 мыңнан астам өтінім тіркелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін арнайы порталда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталғалы 4 мыңнан астам адам өтініш берді. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін сағат 09:00-ден бастап enpf-otbasy.kz арнайы сайты іске қосылды. Содан бергі үш сағат ішінде 4 509 өтінім қабылданды. Қазіргі кезде өтінім қабылдайтын сайт қалыпты режимде жұмыс істеп тұр», - деді баспасөз қызметінің өкілі ҚазАқпарат сауалына жауап бере отырып.

Банк мәліметінше, зейнетақының бір бөлігін аударуға арналған 65 мыңға тарта арнайы шот ашылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдайтын сайт іске қосылды. Осы арқылы ел аумағында өтінім қабылдау басталды.

Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында кеше зейнетақының бір бөлігін баспанаға жұмсау мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері мен «Отбасы банк» басшылары жиында көптің көкейінде жүрген басты сұрақтарға жауап берді.


Соңғы жаңалықтар