Зейнетақы қорында жиналған қаражат туралы мәліметті қайдан білуге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алты миллионнан астам салымшы зейнетақы қорында жиналған ақшасы туралы мәліметті онлайн алып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары арасындағы ең танымал қызмет. Өткен жылы бұл қызмет 14 миллионнан астам мәрте пайдаланылған.

«БЖЗҚ салымшылары жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені шот ашылған күннен бастап кез келген күні тегін алуға құқылы. Бұл - заң жүзінде бекітілген құқық. Бүгінде салымшылар мен алушылар зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты қор кеңсесіне тікелей келу, пошта байланысы, электрондық тәсілдер, БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық пошта және интернет байланысы, электронды үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы біле алады» делінген хабарламада.

Ең ыңғайлы және жылдам тәсіл – үзінді көшірмені БЖЗҚ сайты немесе электронды үкімет порталының жеке кабинеті арқылы алу. Сонымен қатар БЖЗҚ-ның смартфон немесе планшеттерге арналған жаңартылған мобильді қосымшасын пайдалануға болады.

«Бүгінде 5,6 миллион адам зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты жеке кабинет арқылы алған. Бір жыл ішінде интернет байланысы тәсілін таңдағандар саны 500 мыңға жуық адамға көбейді. 860 мың адам үзінді көшірмені электрондық пошта арқылы алады. Зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ филиалына келіп алу - танымалдығы жағынан екінші орында. Бұл тәсілді шамамен екі миллионға жуық адам таңдаған. БЖЗҚ-дан ақпаратты пошта байланысы арқылы алушылар саны біртіндеп азаюда. Бұл жағдайда ішіне үзінді көшірме салынған хат оларға жылына бір рет жіберіледі. Қазіргі уақытта бұл тәсілді таңдағандар саны - 1,3 млн адам. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға төмен» деп мәлім етті БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, салымшы мекенжайын ауыстырған жағдайда қорға хабарлауға міндетті. Егер хабарламаса, БЖЗҚ келесі жылы үзінді көшірме салынған хатты оған жібермеуге құқылы.


Соңғы жаңалықтар