Зейнетақы қоры жинақ шотындағы қаражаттың азайып кеткенін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ салымшылардың жинақ шотындағы қаражаттың «азаюына» қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы күндері бізге «Жинақтарымның сомасы неге азайып кетті?» деген сауалдар көп қойылады. Мәселенің басын ашып алайық. Зейнетақы жинақтары дегеніміз – жарналар мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомасы. Жарналар ешқашан азаймайды, олардың сақталуына мемлекет кепілдік береді», - делінген БЖЗҚ-ның Instagram-дағы ресми парақшасында.

Атап өтілгендей, жарнаның 3 түрі бар. Біріншісі – міндетті зейнетақы жарналары (табыстың 10%). Екіншісі – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (табыстың 5%, еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді). Үшіншісі – ерікті зейнетақы жарналарын адам өз еркімен төлейді (ол кез келген сомада болады және төлеу кезеңін де өзі таңдайды).

Инвестициялық кіріс – зейнетақы жинақтары қаражатын инвестициялау нәтижесінде алынған табыс. Зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық банкі басқарады.

«Зейнетақы жинақтары бағалы қағаздар, шетелдік валюталар секілді әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады, олардың құны әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кіріс ұлғаюы, азаюы мүмкін. Инвестициялық табыс күн сайын есептелетін болғандықтан, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы да өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кіріс төмен болған кезде, зейнетақы жинақтарының сомасы азаяды, инвестициялық табыс жақсы болса – зейнетақы жинағы да ұлғаятын болады», - деді зейнетақы қорынан.

Бұл жерде инвестициялау табыстылығын бірнеше күн сияқты аз уақыт емес, бір жыл тәрізді ұзағырақ уақыт үшін қарау керек. Жыл басынан бергі инвестициялық қызмет нәтижелері оң үрдісті көрсетіп отыр - салымшылардың шоттарына 661,7 млрд теңгеден астам инвестициялық табыс есептелген. Ал бұл - жыл басындағы көрсеткіштен 6% -ға және соңғы 12 айдағы табыстан 12%-ға жуық мөлшерге артық.

»Құрметті салымшылар! «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңына сай сіздердің жинақтарыңыз тек сіздердің меншіктеріңіз болып есептеледі», - деп мәлімдеді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан.


Соңғы жаңалықтар