Зайсан ауданына газ тарту мақсатында 50 миллион теңге бөлінбек - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының ауылдарына газ тарту үшін 50 миллион теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Ақпарат орталығының хабарлауынша, Зайсан ауданының әкімі Серік Ақтанов 2019 жылдың қорытындысы туралы халық алдында баяндама жасады. Есеп беру кездесуі ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен. Аймақ басшысының айтуынша, тұрғындардың өтінішіне орай биыл ауылдарға газ тартуға 50 миллион теңге бөлінеді. Атап айтқанда, бұл Шілікті, Тасбастау, Жалшы және басқа да бірқатар елді мекендер.


«Аудан халқы тиісті қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны мен атқарылған жұмыстардың жай-күйін үнемі бақылап отыруы қажет. Бұл бюджет сомасы бөлінетін құрылыс, жол жөндеу сынды жұмыстардың сапалы жүргізілуіне себеп болады», - дейді Даниал Кенжетайұлы.


Серік Ақтановтың сөзінше, есепті кезеңнің экономикалық көрсеткіштері 2018 жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың өсу динамикасы сақталған. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 65 миллиард 260 миллион теңгені құрады. Облыс экономикасына салынған жалпы инвестиция мөлшері 8 миллиард 673 теңгеге жеткен.

Ауданда мұқтаж жандарға көмектесуге көп көңіл бөлінуде. 2019 жылы 1173 отбасыға, оның ішінде 427 көпбалалы отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 658 миллион теңге жұмылдырылды. Орташа есеппен әр отбасына 560-600 мың теңге төленген.

«Облыс әкімінің тапсырмасымен аудандағы ауылдық округтерде тұратын 11 көпбалалы жанұя «Парыз» қоры арқылы баспаналы болды. Биыл Зайсан қаласындағы Боқажанов көшесінде 30 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілмек. Мұндағы 27 пәтерде көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойлайды», - деді Серік Ақтанов.


Зайсандықтар аудан және облыс басшысына бірқатар мәселелерін жеткізді.

Олар негізінен ауыл шаруашылығы саласында жеке кәсібін бастау үшін жеңілдетілген несие алуға, әлеуметтік қамсыздандыруға, жол жөндеуге және елді мекендерді абаттандыруға қатысты болды. ШҚО әкімі әр түйткілді мұқият тыңдап, алдағы уақытта тиісті шаралардың қабылданатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар